
Еліміздегі заң ғылымында өзіндік мектеп қалыптастырып, ізбасар шәкірттер тәрбиелеп, қоғамның құқықтық сауатын арттыруға елеулі үлес қосқан тұлғаның бірі заң ғылымының докторы, профессор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Арықбай Ағыбаев болатын.
Өнегелі ұстаздың өмірден өткеніне де бір жылдан асты. Арықбай Нүсіпәліұлы заң ғылымында мазмұнды еңбектер жазып, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарын шығарып, Қазақстандағы құқықтық реформаларға тікелей араласқан тәжірибелі ғалым.
Өз қызметіне адал, жас буын білім алушыларға қамқор ұстаз-ғалым жемісті еңбегінің нәтижесінде отандық заң ғылымының корифейлері қатарынан табылды.
Қазақ ұлттық университетінде абыройлы қызмет атқарған Арықбай Нүсіпәліұлы 1941 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданының Қастек ауылында туған. Арғы атасы Нарбота бидің әділ шешімінің санаға сәуле түсіруі жас дарынды әділдікпен күрестің кемеңгерлікті қажет ететін қиын жолына салып жіберді. 1967 жылы қара шаңырағымыздың заң факультетін Лениндік стипендияның иесі бола жүріп, үздік тамамдаған Арықбай Нүсіпәліұлы Ғылыми кеңестің шешімімен Қазақ ССР Ғылым академиясына жолдамамен жіберіледі. Бұл жол кейіннен болашақ ірі ғалымды КСРО Ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтының аспирантурасына алып келді. 1970 жылдың қарашасынан 1973 жылдың наурызына дейінгі аралықта көрнекті ғалым П.С.Ромашкиннің жетекшілігімен осы академияның диссертациялық кеңесінде «Билікке және қызмет бабына қиянат жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық» (Қазақ ССР материалдары негізінде) деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады. Қылмыспен күрес сұрақтарының жан-жақты талдануы қылмыстық жауаптылықтың да көп қырлы сипатын аша түседі. Қылмыстық жауаптылықты анықтау біржақты болмауы керек. Ол – мемлекеттің қылмыс жасаушыға қолданатын құқығы мен оның оған түсірер ауыртпалығын біріктіріп қарастыратын құқықтық құбылыс. Ал бұл құбылысты қоғам назарына алып шыққан – құқықтанушы Арықбай Ағыбаев.
Арықбай Ағыбаев – қылмыстық құқық және криминология ғылымы саласындағы ірі маман. Ол жаңа ҚР Қылмыстық кодексінің жобасын жасауға белсенді қатысты. Жалпы көлемі 670 баспа табақтан асатын 560-тан астам ғылыми еңбектің авторы.
Білікті ғалым 26 ізденушінің кандидаттық диссертациясына жетекші, төрт ғылым докторына ғылыми кеңесші болды. Құқықтық тыйым салудың мүмкіндігі және шынайы мәжбүрлеу қатынастары тек қана құқық нормаларын өз еркімен орындауды қаламайтын тұлғаларға ғана емес, құқық бұзушылыққа қарсылық білдірмеген тұлғаларға да қолданылуы мүмкін екенін ескерсек, ғалымның бұл салада біраз тер төккені белгілі.
Халықты құқықтық сауаттандыру мақсатында 1981-90 жж. Қазақ телевизиясында «Адам, қоғам және заң» телехабарының қоғамдық негіздегі жүргізушісі болды. 1998-2001 жж. ҚазҰУ-дың докторлық диссертация қорғау жөніндегі диссертациялық кеңесінің ғалым хатшысы, мүшесі ретінде қазақ ғылымының қатарын жас ғалымдармен толықтыруға септігін тигізді.
Жауапкершілік сезімі жоғары адамның қоғам және мемлекет алдында өзінің парызын сезіну дәрежесінің жоғарылығы қылмыстың пайда болуына тежеуші күш қана емес, психологиялық сапа ретіндегі «парыз» ұғымының да пәрменділігін арттырса, Арықбай Ағыбаев парызына қарыз емес ғалым деп есептейміз.
Тарих пен құқықты бөле қарамайтын ғалым заң саласындағы ғылыми еңбектерімен бірге әдебиет, тарих тақырыптарына да көптеген еңбектер жазды. Қарасай батыр, Сүйінбай, Жамбыл, Сұраншы, Сүттібай мен Нарбота би жөнінде жазған бірнеше тарихи очерктері санаға салмақ қосқандығы үшін оған Халықаралық Жамбыл Жабаев атындағы сыйлығы, Жамбыл ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді.
Әрдайым әділет жақтаушысы бола білген, мемлекетіміздің құқықтық дамуында өзіндік із қалдырған қайраткер ғалым, ұстазымыз Арықбай Нүсіпәліұлының ғылым жолы ізбасарлары арқылы жалғаса бермек.
Орынбасар ТІЛЕПБЕРГЕНОВ,
ҚазҰУ-дың қауымдастырылған профессоры,
заң ғылымының кандидаты
Басқа жаңалықтар

