Сапалы білім – болашаққа жолFarabi University

Сапалы білім – болашаққа жол

24 желтоқсан, 2024

2024 жылдың 24 желтоқсанында «Шетел тілі: екі шет тілі» мамандығының 2-курс магистранттары Түркітану және тіл теориясы кафедрасының аға оқытушысы Камзина Айман Ариповнаға алғыс білдірді. Магистранттар ұстаздың кәсібилігі мен ізгі ниетіне, әрбір студентке деген ықыласы мен білім берудегі жоғары деңгейіне ерекше ризашылықтарын жеткізді. Айман Ариповнаның дәрістері мен тәжірибелік сабақтары студенттердің шет тілдерін терең меңгеріп, болашақта кәсіби тұрғыда табысты болуына жол ашқаны сөзсіз. Бұл күн магистранттар мен ұстаз арасындағы құрмет пен ықыластың айқын дәлелі ретінде есте қалды.

Магистранттардан:

Құрметті Камзина Айман Ариповна!

Бүгін сізбен қоштасу сәті келгеніне сене алмай тұрмыз. Уақыт қалай тез өткенін байқамай қалдық. Сізбен өткізген әрбір сабақ тек жаңа білім алудың ғана емес, ерекше шабыт алудың, мәдениетке терең бойлаудың мүмкіндігі болды. Сіз бізге тек екінші шетел тілінің, яғни француз тілінің грамматикасы мен фонетикасын және сөздік қорын үйретіп қана қоймай, сол тілдің рухын, мәдениетін және құндылықтарын түсінуге көмектестіңіз. Сіз сабағыңыз арқылы бізге шетелдік мәдениетке терезе ашып, жаңа көкжиектерді көрсете алдыңыз. Әрбір мысалыңыз, әрбір айтқан сөзіңіз біз үшін өмірлік сабақ болды.

Біз сізден тек тіл үйренуді ғана емес, табандылықты, білімге деген құштарлықты және өзін-өзі жетілдіруге ұмтылуды үйрендік. Сабақтарыңыздан алған тәжірибеміз тек оқуда ғана емес, өмірде де үлкен пайдасын тигізері сөзсіз. Сіздің мейіріміңіз, шыдамдылығыңыз және өз ісіңізге деген махаббатыңыз бізге үлгі болды. Осындай білікті, қамқор және кәсіби ұстазбен жұмыс істегенімізді мақтан етеміз.

Біз сізге өміріңіздегі барлық жақсылықтарды, сарқылмас күш-қуат, шығармашылық табыс және жеке өміріңізде мол бақыт тілейміз. Сіздің берген біліміңіз бен жылы лебіздеріңіз әрдайым есімізде сақталады. Алдағы уақытта да биік шыңдарды бағындырып, көптеген шәкірттердің жүрегіне жол табатыныңызға сенеміз.

Құрметпен және ізгі тілектермен,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филология факультеті, Түркітану және тіл теориясы кафедрасы, шетел тілі: екі шет тілі мамандығының 2-курс магистранттары.

Ұйымдастырушы: Түркітану және тіл теориясы кафедрасы, шетел тілі: екі шет тілі мамандығының 2-курс магистранттары.