Молекулалық биология және генетика кафедрасының аға оқытушысы, жас ғалым Қуанбай Әйгерім Құрманбекқызына ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Е.Карин пәтер кілтін табыстадыFarabi University

Молекулалық биология және генетика кафедрасының аға оқытушысы, жас ғалым Қуанбай Әйгерім Құрманбекқызына ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Е.Карин пәтер кілтін табыстады

28 желтоқсан, 2024

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин жас ғалымдарға пәтер кілттерін табыстау рәсімін өткізді. Бұл іс-шара жас ғалымдардың ғылым мен білім саласындағы жетістіктерін мойындап, олардың әрі қарайғы жұмысына қолдау көрсетуге бағытталған маңызды қадам болды.

Пәтер кілтімен марапатталғандардың қатарында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология және биотехнология факультетінің молекулалық биология және генетика кафедрасының аға оқытушысы, жас ғалым Қуанбай Әйгерім Құрманбекқызы да бар. Әйгерім Құрманбекқызы 2010 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бакалавриатына түсіп, кейін магистратура мен докторантура бағдарламаларын сәтті аяқтаған.

Университетте оқу және жұмыс барысында ол «Абай-Верн» бағдарламасы бойынша Францияда, сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасының «500 ғалым» жобасы аясында АҚШ-та тағылымдамадан өткен. Осы шетелдік тағылымдамалар барысында алған тәжірибесін Әйгерім Құрманбекқызы еліміздің игілігі мен дамуына жұмсауды көздейді.

Әйгерім Құрманбекқызы жетістіктеріне жетуіне қолдау көрсеткен университет ұжымына және ректор Түймебаев Жансейіт Қансейітұлына алғысын білдіре отырып, ғылым мен білімнің дамуына осындай жағдай жасағаны үшін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығына, Ғылым және Жоғары білім министрлігіне және Елбасымызға шынайы ризашылығын айтты.

Бұл бастама жас ғалымдарға деген ерекше қамқорлықтың, олардың кәсіби дамуына деген зор сенімнің айқын көрінісі. Осындай қолдаудың арқасында елімізде ғылым мен білімнің жаңа көкжиектері ашылып, дарынды жастарымыздың болашағы жарқын болатыны сөзсіз.