Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Ana tili» газетіне берген сұхбатынан үзінді
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Ana tili» газетіне берген сұхбатында еліміздің өткен жылдағы басты оқиғалары мен әртүрлі саладағы негізгі мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды. Жаңа жылда алдымызда күтіп тұрған жаңа бастамалар мен өзгерістерді де атап өтеді.
Химия және химиялық технология бағытында жоғары білім беру және ғылым саласында қызмет етіп жүргендіктен осы бағыттарға қатысты Мемлекет басшысының сұхбатының бірқатар тезистеріне тоқталғанымыз жөн деп есептеймін.
Сұхбатта тау-кен, мұнай-химия және металлургия салаларында ауқымды жобалар жүзеге асырылғаны айтылып, қайта өңдеу секторы қарқынды дами бастағаны назарға алынды. Осы сектордың өнеркәсіптегі үлесі өндіру саласының деңгейіне жуықтағаны ел экономикасының шикізаттық бағыттан өңдеу бағытына қарай бет бұра бастағанын дәлелдейді.
2025 жылы да осы салада ауқымды жобалар жүзеге асырылмақ. Теңіз кенішін кеңейту жобасының құрылысы аяқталады. Мұнай өңдеу, мұнайгаз-химия саласын дамыту ісіне баса назар аударылады. Бұл елімізде жылда туындайтын жанармайға сұранысты қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Ақтау битум зауытының өндірістік қуаты арта түседі. Еліміздің битум өндіру зауыттары жылына шамамен 1 млн.тоннаға жуық битум өндіреді. Бірақ битумға деген сұраныс шамамен 1 млн. 300 мың тоннаны құрайды. Битумның жетіспейтін мөлшері шет елдерден сатып алынады. Ақтау битум зауытының қуаты артатын болса, осы жетіспеушілікті толығымен өз еліміздің зауыттары қанағаттандыра алады деген сенімдеміз. Бұл сонымен қатар жолдардың сапасын арттыруға, республикалық маңызы бар күре жолдардың салынуын аяқтауға мүмкіндік береді.
Елімізді газбен қамтамасыз ету үшін «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры, «Жаңаөзен – Ақтау» газ құбырының төртінші желісі, сондай-ақ Атырау облысындағы автоматтандырылған газ тарату стансасы іске қосылатын болады.
Жоғары білім саласында елімізде шетелдің оннан астам беделді жоғары оқу орнының бөлімшесі ашылды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалдары Бішкек, Омск, Стамбул қалаларында ашылды. Университетте Қытай, Ресей университеттерінің бөлімшелері жұмысын жүргізе бастады. Мемлекет басшысы сұхбатында Қытаймен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту қазақ дипломатиясындағы маңызды міндеттің бірі болып қала беретіндігіне тоқталды. Соның жемісті нәтижесінің бірі - 2024 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химиялық физика және материалтану кафедрасы мен Нанкин университеті бірігіп, Қазақ-Қытай энергосыйымды және наноматериалдар зертханасын ашты.
Ғылым-білім саласында бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін инфрақұрылымды жаңғырту, оқу орындарында оқытушылардың мәртебесін арттыру мәселелерін шешу қажеттігі күн тәртібіне қойылды. Осы мәселелер алдымыздағы жылы шешімін тауып жатса, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің әлеуеті де артып, ел экономикасына қосар үлесі де көбейетіні сөзсіз.
Мемлекет басшысы сұхбатында "мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту" деп нақты атап көрсетеді. Осы мақсатқа жету үшін ел болып бірігіп, жұмыла еңбек етуіміз қажет.
Ердос Оңғарбаев,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
профессоры