Психология бойынша қысқы мектеп өтуде

9 қаңтар, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Психологиялық шеберлік: интегративті қолданбалы психология негіздері мен технологиялары - 2025» атты жыл сайынғы қысқы мектеп өтуде. Шараға еліміздің Алматы, Астана, Орал қалаларынан және Өзбекстан, Испания елдерінен келген тыңдаушылар қатысуда.

Психологиялық қысқы мектепті философия және саясаттану факультетінің деканы, философия ғылымдарының кандидаты қауымдастырылған профессор Бекжан Мейірбаев ашты. «Дәстүрлі түрде өтетін қысқы мектептің 10 жылдан астам тарихы бар. Ал ағымдағы жылдың қаңтарында білім ордамыз 91 жасқа толады. Демалыс кезінде мамандардың біліктілігін арттыру дәстүрін ХХ ғасырдың сонау 50-60 жылдарында академиктер Төлеген Тәжібаев пен Абдіхамит Сембаев қалаған. Бүгін біз аталған дәстүрді жалғастыра отырып, кезекті қысқы мектепті ашудамыз», - деді декан.

Сондай-ақ жиында жалпы және қолданбалы психология кафедрасының меңгерушісі, профессор Әйгерім Мыңбаева, шетелдік әріптестер – психология докторы Алена Гарбер (Нидерланды-Германия), PhD доктор Айдана Ризулла (Түркия), психология ғылымдарының кандидаты, профессор Рахманова Диляра (Өзбекстан), психология ғылымдарының докторы, психологиялық технологиялар және инновациялар орталығының директоры, доцент Фатима Ташимова баяндама жасады.

Шараны психологиялық технологиялар мен инновациялар орталығы және ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінің жалпы және қолданбалы психология кафедрасы бірлесе ұйымдастырып өткізді.

Шеберлік сабақ бағдарламасында PhD доктор, профессор Алена Гарбер (Нидерланды) «Психологтың созылмалы ауруы бар ортопедиялық пациенттермен және постковидальды синдромы бар пациенттермен жұмыс»; PhD доктор Айдана Ризулла (Түркия) «Дүрбелең шабуылдарымен жұмыс»; және қазақстандық жетекші психолог-практиктер психология кандидаты Ж.Біржанова «Экзистенциалды түрдегі жеке терапия»; психолог, психологиялық орталықтың директоры, педагог кандидаты Ж. Рысбекова «Карпман үшбұрышы: бұл не және одан қалай шығуға болады?»; психология магистрі Б.Әмірова «ТЖ жағдайындағы адамдарға алғашқы психологиялық көмек» және басқа да әртүрлі тақырыптарда шеберлік сағаттарын өткізуде.

Іс-шара тұрақты даму мақсаттарының №3 «Денсаулық және әл-ауқат», №4 «Сапалы білім», №17 «Тұрақты даму үшін серіктестік» сынды тармақтарын жүзеге асыруда.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі