- Басты бет
- Жаңалықтар
- Қысқы мектеп аясында «Құқықтық ғылымның тұрақты дамуы: мектебі, доктриналар мен тұжырымдамалар» тақырыбында халықаралық оқу-әдістемелік семинар өтті
Қысқы мектеп аясында «Құқықтық ғылымның тұрақты дамуы: мектебі, доктриналар мен тұжырымдамалар» тақырыбында халықаралық оқу-әдістемелік семинар өтті
13 қаңтар 2025 жылы заң факультетінің кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының ұйымдастыруымен БҰҰ ТДМ № 17 және Заң факультетінің Қысқы мектебі аясында «Құқықтық ғылымның тұрақты дамуы: мектебі, доктриналар мен тұжырымдамалар» тақырыбында халықаралық оқу-әдістемелік семинар өтті. Іс-шара құқықтық ғылымның тұрақты дамуындағы заманауи мектептерді, доктриналарды және концепцияларды талқылап, осы салада жаңа бағыттар мен шешімдерді дамыту мақсатында ұйымдастырылды.
Семинарды кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының меңгерушісі, з.ғ.д., профессор Қуаналиева Гульдана Амангельдиевна ашып, қатысушыларды құттықтады. Ол құқықтық ғылымның қоғамдағы рөлі мен тұрақты дамудың маңыздылығын атап өтіп, семинардың басты мақсаттары мен күтілетін нәтижелері туралы баяндады. Семинар жұмысына Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы кадрларды даярлау жөніндегі Академиялық комитет төрайымы з.ғ.д., профессор А.С. Ибраева, Оқыту және білім беру сапасы бойынша Академиялық Комитет Төрайымы Айнур Аманкуловна Урисбаева және заң факультетінің профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.
Семинар барысында қазақстандық және шет елдік түрлі сала мамандары құқықтық ғылымның заманауи мәселелері мен болашақ даму жолдары жайында баяндама жасады.
Жуманазар Таштемирович Халмуминов, Ташкент мемлекеттік заң университетінің профессоры, «Будущее юридической науки и вопросы ее устойчивого развития: системные проблемы и задачи в условиях реформ» тақырыбында баяндама жасады. Ол реформалар жағдайында құқықтық жүйенің жүйелік мәселелерін шешу мен болашақ міндеттерін айқындауға тоқталды.
З.ғ.к. Қуандықов Қалдарбек Жүнісбайұлы мен PhD докторы Қожабек Қанат Мұратұлы «Саяси-құқықтық жүйелерде тұрақты даму идеяларын енгізу» тақырыбында баяндама жасай отырып, құқықтық жүйеге тұрақты даму қағидаттарын енгізудің саяси және құқықтық аспектілерін қарастырды.
"Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбекті қорғау және денсаулық сақтау Республикалық ғылыми-зерттеу институты" әлеуметтік-құқықтық зерттеулер бөлімінің басшысы, з.ғ.к. Анель Рахметжанқызы Еркебаева «Заң мектептері мен доктриналардың тарихи эволюциясы: қазіргі тенденциялар» тақырыбында баяндама жасады;
Нұржан Сәулен, Парламентаризм институтының бас маманы, PhD докторы «Құқықтық тұжырымдамалардың қоғамдық өзгерістерге бейімделуі: жаңа замандағы міндеттер мен мүмкіндіктер» тақырыбында өз пікірімен бөлісіп, құқықтық ғылымның қоғамдық өзгерістерге икемделу қажеттігін баса айтты.
З.ғ.к. Қалымбек Бақытжан құқықтық мектептердің заманауи үрдістерін талдауға тоқталды. Ол құқықтық ғылымның дамуындағы жаңа тенденцияларды атап өтіп, әртүрлі мектептердің қазіргі заман талаптарына бейімделуін жан-жақты қарастырды. Спикер құқықтық ғылымның әртүрлі бағыттары мен олардың даму перспективасын салыстыра отырып, білім беру және зерттеулер саласындағы заманауи әдіснамалық тәсілдерді ұсынды.
Профессор Айгаринова Гулнар Тулеухадировна баяндамасында құқықтық инновациялардың тұрақты даму шеңберінде алатын орнын ерекше атап өтті.
Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының меңгерушісінің ҒжИҚ орынбасары, PhD докторы Рашева Гульнур Койшыновна, өз баяндамасында құқықтық ғылымдағы тұрақты дамудың болашағы мен кездесетін сын-қатерлерге тоқталды.
Іс-шара барысында құқықтық ғылымның тұрақты даму саласында көптеген өзекті идеялар айтылды. Қатысушылар құқықтық жүйедегі заманауи мәселелерді шешу жолдарын ұсынып, ғылыми қауымдастық арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған ұсыныстар әзірледі.
Семинар нәтижесінде:
• Құқықтық ғылым саласында жаңа идеялар мен бағыттар анықталды;
• Ғылыми қауымдастық өкілдері арасында тәжірибе алмасу жүзеге асырылды;
• Практикалық ұсыныстар дайындалып, олардың құқықтық жүйеге ықпал ету мүмкіндіктері талқыланды.
Семинар қатысушылар үшін құқықтық ғылымның жаңа көкжиектерін ашып, тұрақты даму саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.