ҚазҰУ-да Жандаев оқулары өтті

15 қаңтар, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың  Картография және геоинформатика кафедрасының 50 жылдығына орай, ХІ Жандаев оқуларының халықаралық ғылыми-тәжірибелік  конференциясы өтті.

«Қазіргі геодинамика мен экологиялық геоморфологияның теориялық негіздері мен қолданбалы аспектілері – М.Жандаев ілімінің мұрасы ретінде» атты конференция қазіргі заманның маңызды тақырыбы – геодинамика және экологиялық геоморфология, сондай-ақ көрнекті ғалым, профессор Мұқатай  Жандаевтың мұрасына арналды.

Конференцияға ҚХР ҒА Шыңжаң экология және география институты, Жер туралы ғылымдар институты, Гренобль-Альпы университеті (Франция), Цукуба университетінің Жаратылыстану және қоршаған орта туралы ғылымдар мектебі (Жапония), Қырғыз мемлекеттік техникалық университетінің Австрия-Орталық Азия Геоинформатика орталығы сияқты шетелдік серіктес университеттердің ғалымдары, сонымен қатар жаратылыстану ғылымдары саласындағы жетекші отандық ұйымдардың өкілдері қатысты. Олардың қатарында География және су қауіпсіздігі институты, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Жетісу университетінің (Талдықорған қ.) экология зертханасы, Абай атындағы ҚазҰПУ, Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ және т.б. ЖОО жетекші ғалымдары баяндама жасады.

Конференция аясында география ғылымының кандидаты, доцент Лариса Веселова атындағы аудиторияның ашылуы өтті.  Аудиторияның ашылуына Л.К.Веселованың әріптестері мен шәкірттері қатысты, олардың арасында География және су қауіпсіздігі институтының директоры, г.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА академигі А.Медеу, Ботаника және фитоинтродукция институтының директоры Г.Ситпаева, «Терра» қашықтықтан зондтау және ГАЖ орталығының директоры Б.В.Гельдыев, Биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасының профессоры С.Нұртазин, Туризм кафедрасының профессоры Р.Өтекешева, биология және биотехнология факультетінің деканы М.Құрманбаева құттықтау сөз сөйлеп,  оның ғылыми жұмысы мен қызметі туралы естеліктерімен бөлісті.

Конференцияға қатысушылар геоақпараттық жүйелер және жасанды интеллект сияқты заманауи технологияларды географиялық және экологиялық зерттеулерге біріктірудің маңыздылығын атап өтті. Геоинформатика және экология саласындағы мамандарды даярлауға бағытталған білім беру бағдарламаларын одан әрі дамыту қажеттілігі туралы сұрақтар көтерілді.

М.Жандаев пен оның шәкірттерінің география, геоинформатика және экология саласындағы зерттеулеріне арналған ғылыми конференция ғылыми қоғамдастық үшін маңызды оқиға болды. Ғалымдар өз жұмыстарына қатысты өзекті мәселелерді талқылап, олардың осы пәндердің дамуына қосқан үлесінің маңыздылығын атап өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі