Жасыл экономика келешегі талданды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультетінде «Жасыл Жібек жолы» әлеуметтік тәжірибелік жобасы аясында семинар өтті.
Шараны ҚазҰУ-дың Жылу физикасы және техникалық физика кафедрасы мен Цинхуа университетінің өнеркәсіптік инжиниринг кафедрасы бірлесе ұйымдастырды.
Семинарға физика-техникалық факультетінің студенттері, Цинхуа университетінің профессоры Ли Янфу, сапа және сенімділік институтының директоры әрі Өнеркәсіптік инженерия кафедрасының доценті Юэ Сяовэй және басқа да факультеттердің білім алушы жастары қатысты.
Жиынды физика-техникалық факультетінің деканы Нұрзада Бейсен ашып, аталған факультеттің жетістіктеріне тоқталды. «Бүгінде факультет оқытушылары мен студенттері әлемнің жетекші, жоғары рейтингті басылымдарында мақалалар жариялайды, өнертабыстар мен ғылыми жобалар бойынша шетелдік әріптестермен бірлесе жұмыс істейді. Біз жұмыс берушілерден іргелі білімі мен тәжірибелік дағдыларға ие еліміздің ғылымы мен экономикасының дамуына үлес қосатын түлектеріміз жайлы үнемі оң пікір естиміз», – деді декан.
Іс-шарада профессор Ли Янфу сөз сөйлеп, ҚазҰУ басшылығына «Жасыл Жібек жолы» семинарын ұйымдастыруға қолдау көрсеткеніне алғыс білдіріп, бұл тұрақты дамудың өзекті міндеттерін шешу үшін қос елдің университеттері мен жастар қауымдастықтарының күш-жігерін біріктіруге бағытталған маңызды оқиға деп атап өтті. «Бірлескен білім беру және ғылыми бастамалар халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, жасыл технологияларды дамытуға және жаһандық экологиялық сын-қатерлерге жауап беруге дайын мамандардың жаңа буынын құруға ықпал етеді», – деді профессор.
Әрі қарай Цинхуа университетінің командасы семинар қатысушыларының назарына ЖОО қызметі және ТДМ саласындағы жобалар жайлы ақпаратты ұсынды. Сондай-ақ шара аясында тұрақты даму қағидаттары мен мәдени алмасу перспективалары талқыланып, қорытындылар шығарылды.
Айта кету керек, Қазақстан «Белдеу және жол» бастамасының маңызды түйінді пункті ретінде белсенді жасыл трансформация сатысында тұр. Біздің Үкімет бастаған «Жасыл экономика» стратегиясы 2050 жылға қарай жаңартылатын энергия үлесін 50 пайызға дейін арттыруды көздейді. Жасыл технологияларды зерттеу мен ілгерілетудегі көшбасшы Қытаймен халықаралық ынтымақтастық бұл мәселелерді шешуде маңызды рөл атқаруы мүмкін.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі