Алатау (Талдыкорган)

19 желтоқсан, 2015

Арманым орындалды

Қытай еліне саяхат жасау - балалық шақтан бергі арманым еді. Әкем "Біздің Отанымыз -Қазақстан" деп үйретіп отырған сәтте, ал "қуыршақтардың Отаны қай жер?" деген сауал қойған едім. Әкем "қуыршақтардың Отаны - Қытай" дел жауап берген-тін. Міне, дәл осы сәттен бастап менің көкірегімде Қытай туралы сауалдар кернеді. Ұйықтар алдында Қытайға саяхаттауды армандап, тәтті қиял жетегінде ұйықтап қалатын едім.

Осы жазда бала күнгі арманыма қол жеткіздім. ҚХР-ның Қазақстандағы бас Консулдығының және киелі оқу ордасы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің серіктестік жұмысы нәтижесінде біз, қазақстандық қытай тілін үйренуші студенттер Қытайға жазғы лагерьге аттандық. Қуанышымызда шек болмай, төбеміз қуаныштан көкке жетті. Құжат пен виза формальділіктерін рәсімдеу шараларымен айналысып жүріп, Қытайға ұшар күннің жеткенін байқамай да қалдым. Бойымды түсініксіз сезім билеп алды. Бір жағынан арманымның аздан соң орындалатынына қатты қуансам, екінші бір жағынан Отанымды, туған-туыстарымды қимастық сезімі пайда болды. Осындай сезіммен әуе көлігіне көтерілдім.

Бірнеше сағат өткен соң, межелі орынға Бейжіңге келіп жеттік. Бейжің - Қытайға саяхатымның алғашқы аялдамасы болған соң, менің жадымда мәңгі өшпес із қалдырды. Бейжің - Қытайдың астанасы болып қана қоймай, тарихи және мәдени орталығы болып табылады. Қала көшелерінде Қытайдың тарихы мен мәдениеті жөнінде сыр шертетін жәдігерлер мен заманауи құрылыстар керемет үйлесімділік тапқан. Одан кейін Қытайдың экономикалық орталығы -Шанхай қаласына жол тарттық. Шанхай - Қытайдың асыл маржаны, өте тез қарқынмен дамып келетін сауда орталығы болып табылады. Тіпті, Қытайдың Нью-Йоркі деп айтсақ, артық айтпаймыз. Түнгі қала көріністері тамаша, көше бойы жарық шамдар, тіпті, құрылыстардың қабырғалары да үлкен теледидар экрандарына айналған. Аспандағы жұлдыздарға қарамасаң, тіпті, мезгілдің түн екенін ұмытып та кетесің. Расымен де, Шанхай жоғары деңгейде дамыған, болашағынан зор үміт күттіретін қала, алдағы екі-үш жылда әлемнің маңызды экономикалық орталығына айналары сөзсіз.

Сапарымыздың келесі бекеті - Чиньдао қаласы. Қытайдың туристік қаласы болып табылады. Бұл қалаға келе сала, Сары теңіз жағалауына беттедік.

Кейін, теңіз тағамдарымен тамақтандық. Ашық теңізден жырақта тұратын бізге Чиньдао тағамдары экзотикалық болып көрінді, алайда, өте дәмді, әрі пайдалы. Осылайша, біздің Қытайға саяхатымыз аяқталды. Бұл сапардан алған тәжірибеміз бен түйген ойларымыз болашақта маңызды рөл атқарары айтпаса да түсінікті.

Осыны ұйымдастырған ҚХР Қазақстандағы Бас Консулдығына, сапарға баруға мүмкіндік берген киелі шаңырағымыз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті мен қытай тілін үйреткен ұстаздарыма үлкен алғысымды білдіремін!

Айнұр САРТОВА, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің шығыстану факультетінің 3-курс студенті.