Польша дипломаты ҚазҰУ студенттерімен кездестіFarabi University

Польша дипломаты ҚазҰУ студенттерімен кездесті

23 қаңтар, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Польша Республикасының Қазақстандағы дипломатиялық өкілдігінің басшысы Михал Лабенда студенттермен кездесу өткізді.

Аталған жиын Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын мерекелеу аясында ұйымдастырылды.

Жүздесуге ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов, оқытушы-профессорлар мен білім алушы жастар қатысты.

Жиынды Еркін Дүйсенов құттықтау сөзбен ашып, елші, дипломат Михал Лабенданың еңбек жолына тоқталды.

Михал Лабенда – ҚазҰУ түлегі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің сырттай бөлімінде бір  жыл оқып, шығыстану факультетінің араб бөлімін бітірген. Қазақ тілін жетік біледі.

Сондай-ақ өз сөзінде проректор мұндай шаралар екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуда маңызды рөл атқаратынын жеткізді.

Еркін форматта ұйымдастырылған шарада Михал Лабенда Қазақстан мен Польша арасындағы мәдениет және жоғары білім саласындағы әріптестік байланыстың  артып келе жатқанына тоқталды. Михал Лабенда жиналғандарға Польша тарихынан мәлімет беріп, поляк мәдениеті мен салт-дәстүрі  туралы айтты. Бұл тақырып отыз жылдан бері түрлі этностардың мәдени дәстүрлерін сақтап, дамыту бағытында жұмыс істеп келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі мақсаттарымен үндеседі.

«Қазақ пен поляк тарихы ұқсас. XV-XVII ғасырларда Польша Еуропадағы ірі мемлекеттердің бірі болды. XVIIІ ғасырдың аяғында Польша аумағы бөлініске ұшырап, географиялық аумағы кішірейді. Тарихқа үңілетін болсақ, осы уақыттарда поляк жерінде ірі және кіші көтерілістер көп болды. XIX ғасырда Польша тәуелсіздік алып, ұлттың рухы көтерілді. Қазіргі таңда Польша мемлекеті қарқынды дамып келе жатыр», – деді дипломатиялық өкілдік басшысы.

Қазақстан мен Польша арасындағы саясат, экономика, білім және мәдениет салаларындағы қарым-қатынастың қазіргі жай-күйіне тоқталған дипломат бұл байланыстарды одан әрі кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

Кездесу барысында студенттер Польшаның саясаты мен экономикасына ғана емес, сонымен қатар Польшадағы студенттік өмір, білім беру жүйесі, тағылымдамадан өту және академиялық алмасу мүмкіндіктері сияқты мәселелерді қамтитын сұрақтар қойды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі