Заң газеті

19 желтоқсан, 2015

«Қауесеттер қазақтың сүйегіне таңба салды»

Қанат Молдашев, Алматы қалалық сотының судьясы:«Қауесеттер қазақтың сүйегіне таңба салды»

– Желтоқсан көтерілісі болғанына 30 жылға таяпты. Ол кезде қайда, қаншада едіңіз?

– Ол жылдары қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 2-курсында оқып жүргенмін. Оқуға әскери борышымды өтеп, оң-солымды танып келіп түстім. Заң факультетінің талабы да сол болатын. Екі жыл еңбекке араласқан немесе әскерге барып келгендер қабылданатын. Ол кезде 22 жастамын, партия мүшесі, топтың старостасымын. Сол замандағы студенттердің басым көпшілігі ауылдың қаракөздері болатын.

– Алаңда болған жағдайды қалай естідіңіз?

– Дінмұхамед Ахметұлының орнына К.Колбинді қойғанын естідік. Алаңға топ болып шықтық. Бір анығы, жастар алаңға қандай да бір жанжал іздеп барған жоқ. Ешкім айдап та салған жоқ. Бәрінің ойында қазақ екенімізді, тіліміз, діліміз барлығын билікке білдіру мақ-саты ғана болды. Батырлықты көксеген де ешқайсысы жоқ. «Қазақпыз, біз де елміз ғой» деген сезім бойымызды да, ойымызды да кернеді. Айналып келгенде біздің факультет, курс студенттерінің барлығы дерлік қатысты деуге болады. Күндізгі уақыт болатын. Жастар тарапынан қатаң талаптар да қойылмады. Қазір әнұранға айналған «Менің Қа-зақстаным» әнін хормен айттық. Кешке қарай алаңға нашақорлар мен маскүнемдер жиналуда деген сынды түрлі қауесеттер шыға бастады. Бұл тұрғыда кейіннен де басылымдарда түрлі материалдар басылды. Ойдан шығарылған қауесеттер қазақтың сүйе-гіне таңба салды. Алаңға тек қазақтар шыққан жоқ. Арамызда кәріс, орыс т.б. ұлттардың да студенттері жүрді. Олар да бізбен бірдей ән айтты. Арандату салдарынан бейбіт оймен шыққан жастар құрбандыққа шалынды. Қаншасы оқудан қуылды. Қиянатқа ұшырағандарды қорғауға тиіс орган қызметкерлері «анаша тасыдыңдар» деп жала жаба бастады.

– Сонда студенттер түгел оқудан шығарылды ма?

– Жоқ, барлығы емес. Әрбір курстан 3-4 студенттен кетті. Мен де партиядан шығарылып, ауылға қайттым. Өйткені, еш жер жұмысқа алмады. Тіпті, Алматыда тұруға да мүмкіндік бермеді. Тұрып жатқан жерімізге келіп кетуімізді талап еткендер де болды.

– Оқуыңызды қай жылы жалғастырдыңыз?

– Қанша қиналсақ та, ата-ана, туған-туыстың демеуімен еңсемізді түсірмедік. 1988 жылы ақталып, оқуға қайта келдім. Өйткені, «заңсыз қудаланды» деген қаулы шықты. Соның нәтижесінде бірталай жас жұмысы мен оқуына қайта оралды. «Жығылғанға жұдырық» демекші, сол кеткеннен түзеле алмағандар да бар.

– Сіздің сол уақыттағы жағдайыңызға ауылдағылар қалай қарады, есіңізде ме?

– Теріс көзқарас болмады емес, болды. Ата-анамызға да соққы болып тиді. Жасыратын түгі жоқ, артымыздан «бәленшенің бұзақы баласы» деген сөз ерді. Ол бізге ауыр тиді.

– Тергеу несімен есіңізде қалды?

– Бір жарым күн тергеуде отырдық. Біреудің үстінен арыз жазуға итермелегендер де болды. Ұлттық қауіпсіздік өкілдері «айтқанымызды істесең партиядан да, оқудан да шыға-рылмайсың» деп үгіттеді. Күш те көрсетті. Бірақ, жазықсыз жандарға жала жаппадық.

– Сіздерді қолдаған лауазымды адамдар болды ма?

– Партиядан шығарарда Алматы қалалық партиясының екінші секретары, аты есімде қалмапты, Шорманов бізді қолдап сөйледі. Сол кісінің: «Мыналарың дұрыс емес, объективті қараңдар», – дегені әлі күнге дейін есімде. Мұғалімдер арасында да бірен-саран кездесті. Ұстазымыз Таукелов, курстасымыз В.Костенко т.б. жігіттер бізді оқуға алып қалуға біраз әрекет жасады. Бірақ, қолдарынан келмеді. Сол кезде қудаланып, оқудан шыққан Жомарт Тілеуов қазір Жамбыл облысында прокуратурада қызмет етеді. Сондай біраз жігіттер бар. Жастар оларды білмейді. Желтоқсан оқиғасы қазақтың егемен ел бола алатынын, намысты жұрт екенін көрсетті.

– Екі жылда рухыңыз жасыған жоқ па?

– Ондай кезде кім де болса қатты қиналыс пен күйзеліске түседі ғой. Армандап түскен оқуым болғандықтан, әділетсіздікке қабырғам қайысты. Өзіме үлкен сабақ болды. Ба-сымнан өткеннен кейін әр істе шешім қабылдарда мұқият қараймын. Сот төрелігінде ең бірінші адамгершілік қасиетті жоғалтпау қажет. Себебі, заң нормалары өзгереді. Қай кезде де әділетсіздікке жол бермей, әділ шешім шығару керек. Әділ шешіміңмен әділетсіздіктің алдын алсаң, ол сенің өзіңе жақсы.

– Желтоқсан оқиғасының насихатталуына көңіліңіз тола ма?

– Қазір жастар өз тарихымыздан гөрі батысқа көп еліктейді. Сондықтан, 1986 жылғы Желтоқсанның қазақ үшін қаншалықты қымбатқа түскені балаларға мектеп жасынан оқытылуы тиіс. Қазақ елінің дүниежүзілік деңгейде ұлықтайтын мақтанышы көп. Біз оларды жеткілікті деңгейге көтере алмай отырмыз. Бар-жоғы 30 жылдың көлемінде сол оқиға, оның құрбандары ұмытылып барады. Ал, тарихтан біз қазаққа мүлде қатысы жоқ бірнеше ғасырлық көтерілістерді оқыдық. Солар әлі күнге дейін есімізде. Франция, Ресей т.б. елдердің тарихын білеміз. Кеңес Одағы тұсында қазақ жастары өздерінің ұлт екенін көрсетті. Көңілім толмайтыны, желтоқсандықтар алғашқы кезде топтасып ұйымдар құр-ды. Бірақ, өздерін насихаттай алмай, қырық пышақ болып әрқайсысы өзінше бұрмалап кетті. Соған жанымыз ауырады, іштей қынжыламыз.

Желтоқсан оқиғасын балаларға мультфильм есебінде де жеткізуге болады. Патриоттық сезімді оятуға ұлттық, елдік мақсатты қалыптастыруға рөлі зор болар еді. Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова сияқты ауылдан шыққан қаракөздердің қайсарлығы кейінгі ұрпақ жадында үнемі жаңғыруы тиіс. Кино түсіруге меценаттар мүдделілік танытса жақсы болар еді. Болған, басымыздан өткен жайтты көрсету керек. Оның жақсы және жаман жағы да бар. Қандай органдардың кімді, қалай қудалағаны жайлы құжаттар мен деректер жеткілікті. Ұтқан да, ұтылған да жайымыз болды. Соларды көрсету жағы бізде кемшін.

– Жастарға айтарыңыз.

– Кеңестер Одағы тарқап, Қазақстан өз тәуелсіздігін алды. Елбасының салиқалы саясатымен бүгінгі жетістіктерге жетіп отырмыз. Тәуелсіздік – қазақ халқының шын ниеті мен пейіліне берілген сый. Өйткені, 1937 жылы жер ауып келген басқа ұлттарды құшақ жая қарсы алдық. Нанымызды бөлісіп жедік. Ендігі мақсатымыз – татулықты сақтау. Көрші елдермен тату-тәтті өмір сүрудеміз. Соны әрдайым қадірлей білуге тиіспіз. Біздің тарихымыз терең, салт-дәстүріміз салиқалы. Сырттан келетін идеологияларды тарихымыз бен салт-дәстүрімізді тану арқылы жоюға болады. Қазір жат ағымдардың жетегіне ерген жастар көп. Солардың санасына өз болмысымызды терең сіңіре алмаудамыз. Мысалы, Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы дейміз, сол секілді Төле, Қазыбек, Әйтекелердің Қазақ елінің дамуына қосқан үлесіне, дала заңдарына жас ұрпақ толық қанығуы қажет. Одан бері де түрлі тарихи оқиғалар орын алды. Солардың бірі – Желтоқсан оқиғасы. Яғни, 70 жыл бодандықта болған халқымыздың рухы оянған күн. Оның маңызын жас ұрпақ жадынан өшірмесек қыршын кеткен боздақтар алдындағы парызымызды өтеген болар едік.

– Уақыт тауып ой бөліскеніңізге үлкен рақмет.