- Басты бет
- Қазақстан халқы Ассамблеясы
- ТДМ №4: Рабиға Сыздықтың туғанына 100 жыл толуына орай «Қазақ әдеби тілі және нормалардың қалыптануы: теориясы мен тәжірибесі» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті.
ТДМ №4: Рабиға Сыздықтың туғанына 100 жыл толуына орай «Қазақ әдеби тілі және нормалардың қалыптануы: теориясы мен тәжірибесі» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті.
2024 жылдың 8 қарашасы күні аса көрнекті ғалым, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Түркияның «Dil Kurumu» лингвистикалық қоғамының корреспондент мүшесі, ф.ғ.д., профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстан ғылымының еңбек сіңірген қайраткері, ұстаз – Рабиға Сыздықтың туғанына 100 жыл толуына орай «Қазақ әдеби тілі және нормалардың қалыптануы: теориясы мен тәжірибесі» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті. Шараны өткізу мақсаты – ғалымның еңбектерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізу. Қазақ орфографиясының болашағына бағыт-бағдар беретін ғалымның тұжырымдамаларын басшылыққа алу. Сондай-ақ бұл негізгі тақырып ретінде қозғалды.
Ғылыми жиынға Жапония, Ресей, Саха (Якутия), Башқұртстан, Түркия және басқа да шетелдік ғалымдар мен ҚазҰУ оқытушы-профессорлар құрамы және білім алушы жастар қатысты. Сонымен қатар ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алтай Қазмағамбетов, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры, профессор Махметғали Сарыбеков қатысып, Рәбиға Сыздықтың қазақ әдеби тілінің дамуына қосқан үлесі бүгінде ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қала беретіндігі жайлы сөз қозғады.
Ғылыми жиында ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, ҚР ҰҒА академигі, профессор Кәрімбек Құрманәлиев, Нигде Өмер Халисдемир университетi гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар факультеті, Қазіргі түрік диалектілері мен әдебиеттері кафедрасының доценті, доктор Эсра Явуз Аджар және басқа да ғалымдар ғибратты ғалым жайлы баяндама жасап, қазіргі қазақ әдеби тілінің тарихы, қазақ тіл біліміндегі жаңа бағыттар мен түркітану мәселелерін жан-жақты талқылады. Ғалым еңбектері «Қазақ университеті» баспасынан толықтырылып басылып шығып, тұсауы кесілді.
Осындай ғалымның 100 жылдығына арналған конференция академик Рабиға Сыздықтың ғылымдағы орнын көрсетумен қатар ана тіліміздің әсемдік дүниесімен таныстырған, тілді қатынас құралы ғана емес, тәрбие құралы, ұлттық сананы, ұлттық психологияны қалыптастыратын құрал ретінде танытқан жиын болды.