ҒАЛЫМДАР БІЛІМ БЕРУ МЕНЕДЖМЕНТІ САЛАСЫНДАҒЫ ТӘЖІРИБЕСІМЕН БӨЛІСТІFarabi University

ҒАЛЫМДАР БІЛІМ БЕРУ МЕНЕДЖМЕНТІ САЛАСЫНДАҒЫ ТӘЖІРИБЕСІМЕН БӨЛІСТІ

31 қаңтар, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының 85 жылдығына арналған «Заманауи білім және ғылым: тарихы, болашағы» атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Іс-шараға белгілі ғалымдар, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, ЖОО ректорлары, отандық және шетелдік профессорлар, білім алушы жастар мен жас зерттеушілер қатысты.

Іс-шара аясында кітаптар мен сурет көрмесі ұйымдастырылып, Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының қалыптасу тарихы мен қызметіне арналған бейнеролик ұсынылды. Пленарлық отырысқа философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Мейірбаев модератор болды. Конференция барысында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хаты оқылды.            

ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев конференцияға қатысушыларға арнаған құттықтау хатында Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының оқытушылары мен профессорларының қазақстандық білім мен ғылымды дамытуға, сондай-ақ мамандар даярлауға қосқан елеулі үлесін атап өтті.

«Көрнекті ғалымдарымыз  негізін қалаған педагогикалық ойлар мен білім берудің тарихын зерттеу дәстүрі бүгінге дейін жалғасуда. Олардың ізбасарлары бүгінгі күні кафедраның дамуына өзіндік үлес қосып келеді. Егемендікті нығайтудың  өзегі жоғары білікті мамандар даярлау екені даусыз», –  делінген құттықтау хатта.

Тарихи деректерге сәйкес, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да кафедраның қалыптасуы 1937 жылы басталып, педагогика кабинеті түрінде ашылды, оның меңгерушісі С.Қожахметов болды (1910-1945 жж.). Педагогика жеке кафедра ретінде 1940 жылы 12 қаңтарда құрылды. Алғашқы кезде  «Педагогика»,  кейін «Жалпы және этникалық педагогика», бүгінгі күні «Педагогика және білім беру менеджменті» кафедрасы деп өзгертіліп, педагогикалық бейіндегі мамандарды даярлайтын философия және саясаттану факультетінің бірегей  кафедраларының біріне айналып отыр.

Әр жылдары кафедраны педагогика ғылымының дамуы мен қалыптасуына орасан зор үлес қосқан  майталман ғалымдар мен ұлы тұлғалар басқарды, атап айтсақ: Сұлтанбек Қожахметов, Шәкір Қоқымбаев, Төлеген Тәжібаев, Әбдіхамит Сембаев, Қартбай Бержанов, Хасен Арғынов т.б.

Конференция аясында онлайн байланыс арқылы Набережные Челны мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры (РФ) Альфинур Галиакберова, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің басқарма төрағасы – ректоры Бекболат Шакешев, сондай-ақ жоғары оқу орындарының басқа да басшылары, шетелдік және отандық академиктер, ғалымдар мен профессорлар сөз сөйледі.

Осы жылдар ішінде кафедра болашақ ұрпақ үшін үлгі болған және отандық педагогикалық ғылымның негізін қалаған мыңдаған мамандарды тәрбиелегенін атап өткен жөн.

Халықаралық конференция барысында үш секция өтті, онда қатысушылар Қазақстандағы жоғары білім берудің даму тенденцияларын, заманауи педагогика мен психологиядағы инновация мәселелерін, сондай-ақ инклюзивті білім беру жағдайында мектеп пен жоғары мектеп арасындағы сабақтастықты талқылады. Сондай-ақ «Ұлттық кадрларды даярлаудағы ғылыми зерттеулер: тарих және перспективалар» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Іс-шара барысында қатысушылар ғылым және білім саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулерге бағытталған ҚазҰУ-дың Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының жұмысы туралы тәжірибе алмасып, ақпаратпен бөлісті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі