ЖОО ректорлары ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуетімен танысты
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және 20-ға жуық қазақстандық жоғары оқу орындарының ректорлары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми әлеуетімен танысты.
ЖОО басшыларын ҚазҰУ Ректоры Жансейіт Түймебаев қарсы алып, жаңадан ашылған зертханаларға экскурсия ұйымдастырылды.
Алдымен ҚазҰУ-дың 90 жылдығы аясында ашылған «Қашықтан зондтау технологиясы және қолдану» қазақ-қытай бірлескен зертханасы көрсетілді. Қазіргі таңда мұнда ғалымдар Орталық Азия өңіріндегі климаттың өзгеруі салдарынан орын алған су тапшылығы, құрғақшылық, жердің құнарсыздануы сияқты экологиялық мәселелерге мониторинг жүргізуде. Сонымен қатар қашықтан бақылау арқылы аймақтағы табиғи қауіп-қатерді алдын ала ескертіп, экологиялық қауіпсіздік пен тұрақты дамуды қамтамасыз етеді.
Кейін университет басшылары ҚазҰУ базасындағы суперкомпьютер орталығының қызметімен танысты. Жоғары технологиялық құрылғы бүкіл Қазақстан ғалымдарына деректердің үлкен көлемімен жұмыс істеуге, мемлекеттік органдардың түрлі жағдайларын модельдеуге және елдің IT-инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді. Орталық Азияда ең қуатты саналатын құрылғының жоғары өнімділігі 1,94 PFLOPS құрайды. Сондай-ақ әлемдегі үздік 600 суперкомпьютердің тізіміне кіреді. Суперкомпьютер университеттің есептеу техникасы саласындағы мүмкіндіктерін едәуір кеңейте отырып, ғылыми зерттеулердің тиімділігі мен дәлдігін арттырады.
Құрметті қонақтар елімізде тұңғыш рет іске асырылып жатқан робототехника және роботтандыру бойынша инженерлік компетенция орталығын аралап көрді. Мұнда «KUKA» неміс компаниясының өнеркәсіптік роботтары қойылған. Орталық «Өнеркәсіп – 4.0» жүйесінде жұмыс істейтін кәсіби кадрларды даярлап, өндірісті автоматтандыру, цифрландыру мақсатын айқындайды. Болашақта аталған орталық ғылым, білім және отандық өнеркәсіпті біріктіре отырып, Қазақстан өнеркәсібі үшін білікті кадрларды даярлау орнына айналады.
Сонымен қатар ректорлар ҚазҰУ-дың 90 жылдық мерейтойы аясында бой көтерген «Farabi Hub» инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығын аралап көрді. «Farabi Hub» орталығының ауданы 5 мың шаршы метрді құрайды. Хаб креативті индустрия, жасанды интеллект, стартап жобаларды жүзеге асырады. Мұнда ZTE, BASF, Binlin технологиялық корпорациясы және басқа да шетелдік компаниялардың орталықтары, университет базасындағы ғылыми-зерттеу институттары орналасқан. Ректорлар назарына «Farabi Hub» орталығында орналасқан Ми институты, «Робототехника және мехатроника RoboMech» ғылыми-білім беру орталығы, Биология және биотехнология мәселелері ғылыми-зерттеу институты, Сот сараптамалары орталығы, Ашық үлгідегі ұлттық нанотехнологиялық зертханаларының инновациялық жобалары ұсынылды.
Кездесу аясында ЖОО басшылары отандық университеттер арасындағы ғылым мен жоғары білім бағытындағы жұмыстарды нығайту, ғалымдардың әріптестік байланысын күшейту, тәжірибе алмасу және ортақ ғылыми жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі