О-де-Франс Политехникалық университетімен әріптестік байланыстарын нығайту

29 қаңтар күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде О-де-Франс Политехникалық университетінің делегациясымен кездесу өтті. Кездесуді ҚазҰУ басқарма төрағасының орынбасары — бірінші проректор Еркін Дүйсенов өткізді. Проректор делегация мүшелеріне ҚазҰУ-дың Франция жоғары оқу орындарымен, институттары және ұйымдарымен ғылыми-білім беру саласында бірлесіп атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Кездесуге сондай-ақ ҚазҰУ механика-математика факультетінің деканы Досжан Нұрсұлтан Сағынайұлы қатысты. Ол факультеттің негізгі жұмыс бағыттарын таныстырып, механика-математика ғылымы саласында бірлескен ғылыми жобаларды дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
Қазіргі таңда ҚазҰУ 23 француз университетімен белсенді ынтымақтастық орнатып, қол қойылған келісімдер аясында академиялық және ғылыми жұмыстарды кеңінен жүргізуде. 2023-24 оқу жылында 21 оқытушы мен 36 студент ҚазҰУ-дан Францияның университеттерінде ғылыми тағылымдамадан өтті. Өз кезегінде, INSA Hauts-de-France директоры әрі UPHF президентінің халықаралық қатынастар жөніндегі арнайы кеңесшісі Де Ла Бурдонне ҚазҰУ-ға көрсетілген қонақжайлық үшін алғысын білдіріп, О-де-Франс Политехникалық университетінің негізгі қызмет бағыттарын баяндады.
Кездесу барысында тараптар білім беру бағдарламаларын жетілдіру, академиялық алмасуды дамыту, сондай-ақ ғылыми ынтымақтастықты нығайту және жоғары білікті мамандар даярлау мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) аясында, атап айтқанда, ТДМ 4 (Сапалы білім) — білім беру бағдарламаларын жетілдіру және инновациялық оқыту әдістерін енгізу, ТДМ 9 (Индустриализация, инновациялар және инфрақұрылым) — бірлескен ғылыми және зерттеу жобаларын жүзеге асыру, ТДМ 17 (Мақсаттарға қол жеткізу үшін серіктестік) — университеттер арасындағы серіктестік және тәжірибе алмасуды дамыту мәселелері қозғалды.
Бұл бастамалар білім сапасын арттыруға және студенттерді жаһандық мәселелерді шешуге дайындауға жаңа мүмкіндіктер береді.
Басқа жаңалықтар

