- Басты бет
- Жаңалықтар
- Шетелдіктерге тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының оқытушылары Digital Almaty 2025 форумында.
Шетелдіктерге тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының оқытушылары Digital Almaty 2025 форумында.

2025 жылғы 31 қаңтарда шетелдіктерге тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының оқытушылары ТДМ-ның «Сапалы білім» бағыты аясында Алматы қаласындағы «Атакент» көрме орталығында өтіп жатқан VII Халықаралық цифрлық форум Digital Almaty 2025 шарасына қатысты. Бұл – Орталық Азиядағы цифрлық технологияларға, инновацияларға және жасанды интеллектке арналған ең ірі алаңдардың бірі. Биылғы форум «Industrial AI: жаңа дәуір технологиялары» ұранымен ұйымдастырылып, жасанды интеллекттің өнеркәсіпке, бизнеске, ғылым мен білімге әсеріне ерекше назар аударылды.
Форумның негізгі тақырыптары – өндіріс процестерін автоматтандыру, ақылды технологияларды енгізу, бұлттық сервистердің дамуы және үлкен деректерді басқару. Әртүрлі елдердің спикерлері өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, цифрлық трансформацияның болашағы мен сын-қатерлерін талқылады. Әсіресе, жасанды интеллектті реттеу, оны қолданудағы этикалық мәселелер мен еңбек нарығына әсері туралы пікірталас қызықты өтті.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек студенттер мен жас мамандардың ІТ дағдыларын дамытуға бағытталған AI-SANA ұлттық білім беру бағдарламасын таныстырды. Бұл бағдарлама 100 000 қатысушыға арналған және DeepTech-стартаптарын қолдауға, сондай-ақ технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Сонымен қатар, цифрлық технологиялармен жұмыс істей алатын мамандарды даярлау қажеттілігі талқыланды.
Форум аясында оқытушылар жасанды интеллекттің түрлі салаларға ықпалы туралы панельдік пікірталасқа қатысты. DataVolt компаниясының бас директоры Раджит Нанда өз баяндамасында жасанды интеллекттің болашағы және оны тиімді енгізу үшін қажетті шарттар туралы ой бөлісті.
Бұдан бөлек, оқытушылар стартап-аллеясы мен робозонаға барып, жасанды интеллект, автоматтандыру және виртуалды шындық саласындағы жаңашыл жобалармен танысты. Қазақстандық IT-компаниялардың киберқауіпсіздік, цифрлық білім беру платформалары және машинамен оқыту бағыттарындағы стартаптары ерекше қызығушылық тудырды.
Digital Almaty 2025 форумы 1 ақпанға дейін жалғасады. Бұл форум цифрлық технологиялар саласында білім алмасуға, заманауи трендтерді зерттеуге және жаңа кәсіби байланыстар орнатуға тамаша мүмкіндік береді.
Басқа жаңалықтар

