Ұлттық даму жоспарында (2029 жылға дейінгі) білім беру жүйесінің қолжетімділігі мен сапасы елдегі адами капиталдың сапасын, еңбек өнімділігінің деңгейін және мамандардың бәсекеге қабілеттілігін анықтайтыны атап өтілді. Білім берудің тиімділігіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі оның еңбек нарығының өзгеріп отыратын талаптарына сәйкестігі екені даусыз.
Химия және химиялық технология факультетінде түрлі химиялық өндірістерге қажетті дағдысы бар мамандар даярланады. Факультеттің оқытушы-профессорлық құрамы жұмыс берушілер тарапынан білім беру қызметіне объективті сараптамалық баға беру, білім беру бағдарламалары мен оқу процесіне қажетті өзгерістер енгізу үшін отандық өндірістік кәсіпорындармен үнемі байланыста болады. Химия және химиялық технология факультетінің «Химия» білім беру бағдарламасы бойынша оқитын 4-курс студенттері «Тұрмыстық химия тауарларын сараптау» пәні аясында «Goldman and Young» ЖШС-на барды.
Бұл өндіріс жоғары сапалы тұрмыстық химия, жеке гигиена, дезинфекциялау құралдарын әзірлеу және өндірумен айналысады. Студенттерге шығарылатын өнімдер, өнімдерді әзірлеу тәсілдері, оларды талдау әдістері туралы ақпарат берілді. Кәсіпорынның жұмысы туралы әзірлеу бөлімінің басшысы Е.Никулина кеңінен айтып берді, ол кәсіпорынның барлық зертханаларын, соның ішінде тұрмыстық химия өндірісіне су дайындау зертханасын, өнім сапасын бақылау зертханасын, шығарылатын өнімге арналған орау материалдарын өндіру цехын көрсетті. Жуғыш және косметикалық құралдарды әзірлеу бөлімінің қызметкері Т.Бимурзаева зауыттың тұрмыстық және косметикалық өнімдерін әзірлеу ерекшеліктері жайында баяндады. Кездесу барысында студенттер әзірлеу зертханасының қызметкерлерімен бірлесіп жасалып жатқан өнімнің қажетті ингредиенттерін өз бетінше таңдап, қолға арналған сұйық сабын дайындады. Олар әзірленіп жатқан құралдың әрбір компонентінің қажеттілігін ғылыми тұрғыдан негіздеді, алған білімін тәжірибеде қолданып көрді.
«Goldman and Young» ЖШС-інде химия және химиялық технология факультетінің түлектері жұмыс істейді және олар сұранысқа ие. Сондықтан бұл кездесу 4-курс студенттерінің «Тұрмыстық химия тауарларын сараптау», «Химиялық технология негіздері», «Қоршаған орта объектілерін аналитикалық бақылау» пәндері бойынша практикалық білімдерін кеңейту және болашақ маманның мансабын жоспарлау үшін маңызды. Осы кәсіпорынның мысалында студенттер ғылымның экономикалық өсуге ықпал ететін және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартатын технологиялық инновациялардың негізі екеніне көз жеткізді. Сондай-ақ Тұрақты даму мақсаттарының №12 (жауапты тұтыну және өндіріс) қағидаттарының іске асырылуын көрді. Өйткені бұл өндірісте химиялық заттар мен қалдықтарды адам денсаулығына және қоршаған ортаға теріс әсерін барынша азайту үшін олардың ауаға, суға және топыраққа түсуін азайту жөніндегі халықаралық қағидаттарға сәйкес экологиялық ұтымды пайдалану ескерілген.
Ақбота ӘДІЛБЕКОВА,
Аналитикалық, коллоидты химия және сирек элементтер технологиясы кафедрасының қауымдастырылған профессоры
Мерей ДОСАЙ,
«Химия» ББ 4-курс студенті