Қос ел ғалымдары бас қосқан жиын

Химия және химиялық технология факультетінде Қытай Халық Республикасының 100 жылдан астам тарихы бар Синьцзян және Цинхуа университеттерінің ғалымдарымен бірлескен «Көміртек ресурстарының каталитикалық конверсиясы» (мұнай, көмір, CO2 мәселелері) тақырыбындағы Қазақстан – Қытай дөңгелек үстелі өтті. Дөңгелек үстелді Химиялық физика және материалтану кафедрасының профессорлары мен оқытушылары ұйымдастырды.
Көміртек ресурстарының каталитикалық конверсиясы қазіргі уақытта ғылыми тұрғыдан өте өзекті. Әлемдік энергетикалық дағдарыс пен экологиялық проблемалардың күшейіп күрделене түсуі, әсіресе көмірқышқыл газын (CO2) шығару, ауа ластануының артуы, энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалануға, жаңартылатын энергия көздерін іздеуді талап етеді. Көміртек негізіндегі дәстүрлі отындардың, мысалы, мұнай мен көмір қорларының сарқылуы және олардың қоршаған ортаға теріс әсері қазіргі ғылыми зерттеулердің маңызды бағытына айналды. Бұл мәселелерді шешу үшін көміртек ресурстарының каталитикалық конверсиясын дамыту, көміртектің қайта өңдеу процестерін жетілдіру, CO2 қалдықтарын азайту және таза энергия көздерін алудың жаңа жолдарын іздеу қажет. Бұл сала ғылыми қауымдастықтың маңызды назарында болып, тиімді және экологиялық таза технологияларды дамытуға бағытталған көптеген зерттеулерді қамтиды.
Дөңгелек үстелдің ашылу салтанатында х.ғ.д., профессор З.Мансұров пен қауымдастырылған профессор, кафедра меңгерушісі М.Төлепов сөз сөйлеп, ҚазҰУ-да, факультетте және Жану мәселелері институтында іске асып жатқан жалпы жұмыстар, оның ішінде ғылыми жұмыстар жайында кеңінен айтып берді. Синьцзян университетінің профессоры Руймио Хуа, Цинхуа университетінің профессоры Хуапин Ху өз университеттерінің қалыптасу шежіресімен бөлісіп, ғылыми жетістіктері мен тұрақты даму мақсаттарының орындалу барысымен таныстырды.
Дөңгелек үстел барысында көміртек негізіндегі энергия ресурстарының химиясы мен пайдалануы бойынша Синьзян университеті зертханасының зерттеу бағыттары жан-жақты талқыланды. Жану мәселелері институтымен ынтымақтастық болашағы жайында әңгіме қозғалды. Көміртек ресурстарынан C-C және C-N байланыстарын органоантимониймен катализдеу арқылы түзу жолдарына тоқталды. Атап айтқанда мұнай қалдықтарынан тазарту және битумды түрлендіруге арналған көміртекті материалдар, көмірқышқыл газын пайдалану арқылы фоторедокстік катализ арқылы карбоксил қышқылдарын алу жөнінде кеңірек әңгіме қозғалды. Жоғары өнімді энергия сақтауға арналған элекстодты материалдарды жасауға негізделген биомассадан алынған үш өлшемді кеуекті графен тәрізді көміртек материалдары, улы газдарды сорбциялауға арналған жаңғақ қабығынан түрлендірілген сорбенттер тақырыптары талқыланып, көміртек ресурстарының каталитикалық конверсиясы, көміртекті материалдарды мұнай, көмір, көміртек диоксиді мәселелерін ілгерілету және ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін тараптар байланысы жан-жақты қарастырылды.
Дөңгелек үстелдің қатысушылары мен қонақтары көміртек ресурстарының каталитикалық конверсиясы, көміртекті материалдарды мұнай, көмір, көміртек диоксиді мәселелерін дамытудағы маңызды аспектілері, олардың қоршаған ортаға тигізетін әсері және осы тұрғыда тұрақты дамудың маңыздылығы туралы ақпарат алмасты.
Балауса ДІНІСТАНОВА,
химия ғылымының кандидаты
Басқа жаңалықтар


