АТТИЛАНЫ ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕ ЗЕРТТЕУШІFarabi University

АТТИЛАНЫ ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕ ЗЕРТТЕУШІ

19 ақпан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінде белгілі қоғам қайраткері, ғалым-тарихшы және қоғамтанушы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, белгілі аудармашы, тарих ғылымының кандидаты, Мадрид (Испания) университетінің профессоры Самат Өтениязовтың 75 жылдық мерейтойына арналған «Әлем әдебиеті мен мәдениетіндегі Аттила тұлғасы» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өтеді.

Самат Көшенұлы Одес­садағы Мечников атындағы Мемлекеттік университетін (испан тілі және әдебиеті бөлімі, роман-герман филоло­гиясы факультеті) бітірген (1978). Одессаның Рыбный портында испан тілі маманы болып жұмыс істеген (1977-79). Қазақ КСР ҒА Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институ­тында ғылыми қызметкер болды (1981-99). Халықаралық журналистік қызмет те атқарды. Лондондағы (Англия) Central Asia News File жур­налында Орта Азия мен Қазақстан бойынша тілші болды (1991-2001). ҚР Сыртқы істер министрлігіне қарасты Дипломатиялық академияда испан тілінен сабақ берді (1997-2000). Кубаның Қазақ­стандағы елшілігінде аудар­машы және кеңесші қызметін атқарды (1998-99). Қазақ академиялық универ­сите­тінде басшылық қызметте (кафедра меңгерушісі, декан, бірінші проректор) болған (1998-2003). Абылай хан атындағы Әлем тілдері уни­вер­ситетінде және Қазақ-Аме­рика универ­си­тетінде ис­пан тілі және латын тілінен са­бақ берді (2003-18). 2018 жыл­дан бері Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-да испан тілі­нен сабақ береді.

С.Өтениязов ұлттық және әлемдік тарих, халықаралық қатынастар, әлеуметтік-гума­нитарлық мәселелер бойынша 600-ден астам ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбектер мен мақалаларды жарыққа шы­ғарды. Ғалымның еңбектері посткеңестік елдерде, Қытай, Түркия, Венгрия және т.б. елдерде жарияланған. Қазақ­стан мен жақын және алыс шетелдерде өткен 400-ден астам халықаралық, республи­калық ғылыми-теориялық және ғылыми-практикалық кон­фе­ренция, конгресс, дөңгелек үстелдер мен семинарлардың қатысушысы.

Самат Көшенұлы жоғары оқу орны білім алушыларына арналған Испан тілі оқулығын (Практика перевода испан­ского языка), «Рим мен Хун империялары арасындағы дип­ломатиялық қатынастар» оқу құралын жазды. Испан тілінің бірнеше электрондық оқулықтары бар.

Ғалымның испан, орыс, шағатай тілдерінен аударған көлемді кітаптары бар. Аударма саласындағы еңбек­тері үш саладан тұрады. Ро­муло Гальегостың (Вене­суэло) «Донья Барбара» романын испан тілінен аударған. Дүние­жүзінің барлық тілдеріне ауда­рылған және ең көп басылып шыққан осы романның үзін­ділерін С.Өтениязов республи­камыздың газет-журналда­рында жариялады. ҚР Мә­­де­ниет министрлігінің тап­сы­рысымен 2012 жылы то­лық жарық көрді.

Орыс тілінен аудармалары негізінен Ш.Уәлихановтың еңбектері болды. Ол аудар­малар 1985 жылы ұлы ғалым­ның 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде тойлаған кезде баспа бетінде жа­рияланды. Шағатай тілінен Қадырғали Жалаиридың «Шежірелер жинағы» атты еңбегін аударып, 1997 жылы «Қазақстан» баспасынан жа­риялады. Отандық тарих пен әдебиет саласынан іргелі зерттеулер жасады. Аттиланың әлем әдебиетіндегі орнын кең көлемде зерттеген ғалым (жеті кітаптың авторы). Ғылыми тұрғыдан «Аттила және оның Еуразия тарихындағы орны» атты екі томдық монографиясы «Атамұра» баспасынан (2024) қазақ тілінде, Түркияда түрік тілінде шықты (2025).

Қазақстандағы шоқан­та­нушы ғалымдардың көшбас­шысы, Ш.Уәлиханов туралы «Шоқан өскен орта» (1996), «Шоқанның ғылыми мұралары» (2025) еңбектерінің авторы, Қазақ мемлекеті мен билер институтының зерттеушісі.

«Qazaq universiteti» газеті мерейтой иесін құттықтай отырып, төмендегі мақаласын жариялайды.

 

Ватикандағы Аттила бейнелері. Жасасын, Алгарди!

Христиан дінінің ордасы Ватиканда біздің бабамыз Аттиланың бейнесі жасалған тарихи суреттер бар. Олардың негізгі міндеті христиан дінін мадақтап, Аттила сынды Еуропа тарихындағы ұлы адамдар – А.Македонский, Ю.Цезарьмен қатар тұратын ғұн патшасын мұқатуға арналған. Еуропада тоғыз ғасырдан астам уақыт үстемдік жүргізген христиан діні қайта өрлеу (ренессанс) басталғанда қиюы кетіп ыдырай бастады. Сол кезде христианствоны көтермелейтін сюжеттерге арнап ескерткіштер жасауға көптеген өнер майталман­дарын тартып, тапсырыстар берілді. Сонда «452  жылы өз әскерімен Рим қаласына кір­меген ұлы қолбасшы Аттиланы тоқтатқан Леон І» деген тақы­рыпқа бейне жазуды Рафаэль Сантиге (1483-1520) тапсы­рады. Сол тарих ақиқатын бұр­малап, Рим папасын құдіретті етіп көрсететін сурет Вати­кандағы Элиодар залында әлі тұр. Бұл бабамыз Аттила көр­сетілген алғашқы сурет фреска болса, одан кейін де талай өнердің шыңына бағалайтын ерекше туындылар Еуропада дүниеге келіп жатты. Аталған картинамен біздің қазақ оқыр­мандары көптен таныс. Сөз жоқ, құдіретті туынды. 

Аттила мен Леон І хундар мен германдықтарды Рим қаласына кіргізбей тұрғаны бейнеленеді. Леон І Аттилланың етегінен ұстап отыр

 

Автор қанша реалист болса да, христиан өкілі және осынау картинаны сол христиан дінінің үлкен орталығының, яғни Рим папасы Юлий ІІ-нің тапсыры­сымен жасағаны тарихи шын­дық. Сондықтан автордың алға қойған міндеті Аттиланың құдіреттілігі емес, христиан дінінің Леон І-дің құдіреттілігін көрсету болатын. Әрине, автор Леон І-ді шын мәнінде құдіретті етіп көрсетіп, дүниеге паш етті. Сонымен қатар хун патшасын да керемет етіп көрсетуге мәжбүр болды. Осындай құді­ретті хун патшасын Рим қала­сына кіргізбеген, яғни хундар тонауынан сақтап қалған Леон-І деп көрсеткен.

Мүсінші Алехандро Алгарди

 

Шындығында, олай емес. Леон-І Аттилаға «қалаға кірі­ңіз» деп алдында құрақ ұшып, бас иіп, хун патшасын қарсы алған еді. Егер Аттила қалаға кіргісі келсе, оны ешқандай күш тоқтата алмас еді. Оның қалаға әскермен кірмеуінің неше түрлі себебі бар. Өйткені ол осы қалада өзі студент болып білім алған еді. Сондай-ақ «мәдени орталық, мәңгі қала, қасиетті астана Римді тонады» деген жаман аттан сақтанғаны еді. Жаман аттан сақтанатын себебі – бұл қалаға одан бұрын герман шапқын­шылары әлденеше рет шабуыл жасады. Бірақ бәрі кіріп, тонай алған жоқ еді. Тек 410 жылы Аларих басқарған вестготтар кіріп, тонаған еді. Ал осы оқиғадан соң, яғни Аттила Римге кірмей кеткен соң, екі жылдан кейін, 454 жылы Римнен Солтүстік Африка мен Испанияны тартып алған герман тайпасы вандалдар королі Жансерик Римге жақын­дап келгенде алдынан осы Леон-І шыққан еді. Оның не айтқанын құдай біледі, әйтеуір, Жансерик өз әскерімен қалаға кіріп, қырып-жойып, тонап, мыңдаған римдікті құлдыққа айдап кеткен еді.

Леон І. XIX ғасырдағы Франция энциклопедиясынан алынған фото

 

Қысқасын айтқанда, осы оқиғалар тек Аттиланың адам­зат тарихындағы мәртебесін көтерген үстіне көтере береді. Осы сюжет Еуропада миллион рет жазылды. Алайда шын­дықты көрсеткен ғұламалар да баршылық. Сол керемет өнер туындыларының бірі – мына Алехандро Алгарди  жасаған мүсін өнерінің біріне көз салайық.

Ватикандағы осы карти­наны да «Леон папа Аттиланы қалаға кіргізбей қайтарды» деп Еуропада көп жазылды. Шын­дығында, ол керісінше, Аттила герман тайпаларын кіргізбей тұр, ал Рим папасы Леон  Аттиланың етегінен ұстап тығылып отыр.

Мұны жалғыз біз айтқан жоқпыз. Сонау ХІХ ғасырда француз ғалымдары дәлел­деді. Француз энциклопе­дия­сынан алынған фотоны қара­ңыз.

Рим папасын алдап, шын­дықты мәңгілікке айқындап кеткен А.Алгарди (1594-1644) өз есімін алтын әріппен жазып кетті. Жасасын, Алгарди!

 Ватикандағы мүсін өнерінің керемет үлгісінің фотосын біз Алматыға  1978 жылы алып келдік. Алматыда алғаш рет 2000 жылдан мына кітаптарда басылып шықты: Аттила. А. «Арыс» 2000.; Аттила. А. «Қазақ университеті», 2021; Аттила... А. «Атамұра», І том. 2023.

XVІІ ғасырдағы Италиядағы белгілі архитектор әрі мүсінші Алехандро Алгарди есімі Еуропа өнерінде өшпес із қал­дырды. Осындай аса маңызды, көкейкесті шын­дық­ты айту тек француз ғалымдарының ғана қолынан келді. Франция Еуропадағы ең демократиялық ел болды. Аттила мен хундар тарихын Еуропа зерттеушілері христиан дінінің нұсқауымен біржақты жазған еді. Соларға шындықты айтып, революция (төңкеріс) жасаған Амеди Тьиерри (1797-1873): «Адамзат тарихында Аттила есімі А.Македонский мен Ю.Цезарь қатарынан орын алды», – деп әділ бағасын берген француз ғалымы еді.

Самат ӨТЕНИЯЗОВ,

 т.ғ.к., Шетел филологиясы және

 аударма ісі кафедрасы