Бейсенбаев Олжас ТүсіпбекұлыFarabi University

Бейсенбаев Олжас Түсіпбекұлы

17 ақпан, 2025

1990 жылы 8 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Зайсан қаласында дүниеге келген.

2007-2011 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетіне «шығыстану» (қытай бағыты) мамандығына білім алды және қызыл дипломмен бітіріп шықты.

2009-2010 жылдары ҚХР Ланчжоу қаласындағы Ланчжоу университетінде және Үрімші қаласындағы Шыңжаң университеттерінде қос елдің Білім және ғылым министрліктері арасындағы студентпен алмасу бағдарламасы және «Ұлы Жібек жолы» бағдарламасымен тағылымдамадан өтті.

2011-2013 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Шығыстану кафедрасында «шығыстану» мамандығы бойынша магистратураны тәмамдады.

2013-2016 жылдары «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалында Әкімшілік, Ұйымдастыру-партиялық, Қоғамдық-саяси жұмыс бөлімінде қызмет еткен.

2017-2020 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің қытайтану кафедрасында «6D020900-Шығыстану» мамандығы бойынша докторантурада оқыған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Басқарма Төрағасы-Ректордың 2024 жылғы 15 қаңтардағы № 275-б/а бұйрығы негізінде «6D020900-Шығыстану» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы(PhD) дәрежесі берілді. Диссертация тақырыбы - «ҚХР сыртқы саяси стратегиясының трансформациясы және «Белдеу мен жол» аясындағы Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы».

2017-2020 жылдары «ҚазАқпарат» ХАА қарасты «strategy2050.kz» аналитикалық-шолу порталында сарапшы болып жұмыс істейді.

2018-2022 жылдары Назарбаев университетінің ғылыми-зерттеу орталығында қазіргі заманғы Қытайды зерттеу саласында жұмыс істеген.

2022 жылдың маусым айынан 2025 жылдың ақпанына дейін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ аналитик-менеджері, басқарма басшысы, Басқарма Төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді. Әлеуметтік зерттеулер, Отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер, Қоғамдық процестерді зерттеу орталықтарының жұмысына жетекшілік етті.

2024 жылдың 13 қыркүйегінен бастап ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінде профессордың м.а лауазымында қызмет етеді.

2025 жылдың ақпан айында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаеваның бұйрығымен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры болып тағайындалды.

Президенттік жастар кадрлық резервінің (2021 жылдан бері) және ҚР Сенаты жанындағы Жас эксперттер клубының мүшесі, ҚХА Жас ғалымдар клубының тең төрағасы. Отандық және халықаралық басылымдарда 20-дан астам ғылыми мақаласы жарияланған.

Басқа жаңалықтар