Білім беру бағдарламаларының сапасы артады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Білім беру бағдарламалары сапасын қамтамасыз ету: академиялық тұрғыдан қарау және инновациялық шешімдер» тақырыбындағы сараптамалық-стратегиялық сессия отырысы өтті.
Дәстүрлі түрде өтетін шарада қатысушылар білім, ғылым және бизнес интеграциясы бойынша идеяларды ортаға салып, тәжірибе алмасады.
Мақсат – еңбек нарығы мен білім саласын үйлестіру жағдайында білім беру бағдарламаларының тиімділігін бағалау, жасанды интеллект саласының дамуы жөнінде ой талқылау.
Пленарлық отырысқа Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мазмұны басқармасы басшысының м.а. Рысгүл Құдреттолаева, ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алтай Қазмағамбетов, саяси ғылымдар докторы, профессор Амантай Нұрмағамбетов, «Мамандығым – болашағым» жобалық тобының жетекшісі Олжас Сәкенов, шетелдік компаниялардың өкілдері, отандық және шетелден келген сарапшылар, ғалымдар жиналды.
Жиында академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алтай Қазмағамбетов ҚазҰУ-дың академиялық мәселелеріне тоқталып, университеттік ғылымды жетілдіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады. «Қазақстанның 120 жоғары оқу орны 8 мыңнан астам білім беру бағдарламасын ұсынады. Оның 245-і – бірлескен және қосдипломдық білім беру бағдарламасы. 21-і – жасанды интеллект саласында. Тізімдегі білім беру бағдарламаларының 57 пайызы жаңартылды. Дегенмен жоғары білімнің алдында жетістіктермен қатар, күрделі міндеттер де тұр. Еңбек нарығындағы серпінді өзгерістер жағдайында білім беру бағдарламаларын үнемі жаңарту және инновациялық білім беру бағдарламаларын әзірлеу қажеттігі өте маңызды болып отыр», – деп атап өтті.
Өз кезегінде Рысгүл Құдреттолаева жоғары білім мен ғылымды дамыту бойынша министрлік тарапынан іске асырылып жатқан жұмыстарға тоқталды. «Ғылым және жоғары білім министрлігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында білім беру жүйесін одан әрі дамыту мәселелеріне ерекше назар аударады. Оның ішінде ең басты құжат – жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-29 жылдарға арналған тұжырымдамасы. Мұнда бизнес пен жұмыс берушілерді білім беру бағдарламаларын әзірлеуге тарта отырып, кадр даярлаудың қазақстандық моделін дамыту жөніндегі шаралар көзделген. Аталған тұжырымдаманы іске асыру үшін министрлік «Мамандығым – болашағым» жобасы шеңберінде іске асырылатын кадрлық қамтамасыз ету моделіне көшуді жүзеге асыруда. Қазіргі сәтте 9 өңірлік атлас әзірленді, жоба аясында экономиканың 43 бағыты бойынша 500-ден астам жаңа мамандықтар анықталды», – деді Рысгүл Құдреттолаева.
Қатысушылар еңбек нарығына қажетті мамандарды оқытудың жаңа үлгісін қалыптастыру, білім беру бағдарламаларына микробіліктілікті енгізудің жаңа стандарттарын қолдану, инклюзивті білім беру моделін іске асыру бойынша өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Панелдік отырыс жоғары білім берудегі жасанды интеллект, микробіліктілік, дуалды оқытудың тиімділігі, оқытушылардың инклюзивке бағытталған дайындығы тақырыбындағы секцияларда жалғасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


