Қысқы Мектеп аясында Алматы қорығына ғылыми-танымдық экологиялық экскурсияFarabi University

Қысқы Мектеп аясында Алматы қорығына ғылыми-танымдық экологиялық экскурсия

20 ақпан, 2025

2025 жылғы 19 ақпанда ЮНЕСКО-ның Халықаралық Білім Күніне арналған IV Халықаралық Қысқы Мектеп аясында білім беру бағдарламасының қатысушылары үшін ғылыми-танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Іс-шара ерекше табиғи аймақта – «Алматы мемлекеттік табиғи қорығы» РММ аумағында өтті.

Экскурсияның мақсаты – Іле Алатауының биологиялық әртүрлілігімен танысу және қатысушылардың экологиялық сауаттылығын арттыру. ЮНЕСКО-ның тұрақты даму кафедрасының дәріскерлері, Гүлжанат Мұқанова мен Нұргүл Бергенева, «Алматы қорығының биоалуантүрлілігі: флора мен фаунаны зерттеу» тақырыбында дәріс оқыды. Дәріс барысында қорық аумағындағы сирек кездесетін және эндемикалық өсімдіктер мен жануарлар түрлері, олардың сақталу жолдары мен қорғау шаралары туралы жан-жақты ақпарат берілді.

Экскурсия барысында қатысушылар қорық музейіне барып, жергілікті экожүйелердің байлығын, оларды зерттеу және бақылау әдістерін көріп, зерттеді. Кейін экскурсия қорық аумағында жалғасып, инспекторлар ландшафт ерекшеліктерін, экожүйелердің табиғи қалпына келу механизмдерін және адам қызметінің қоршаған ортаға тигізетін әсерін түсіндірді.

Бұл көшпелі сабақ қатысушылардың өңірдің биоалуантүрлілігі туралы білімін кеңейтуіне, табиғатты қорғау шараларының маңыздылығын түсінуіне және экожүйелік тепе-теңдікті сақтау қағидаттарын терең ұғынуына ықпал етті.