ҚазҰУ студенттері Alliance Française Almaty орталығында болды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінің студенттері Алматыдағы Alliance Française мәдени-ағартушылық орталығына барды. 2004 жылы негізі қаланған бұл орталық Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени және білім беру байланыстарын дамытуда маңызды рөл атқарады, француз тілін меңгеруге және француз мәдениетімен танысуға ерекше мүмкіндік береді.
Халықаралық қатынастар мамандығының студенттері мен француз тілі оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Мұхаметқалиева Гүлнар Өкісханқызы Alliance Française Almaty орталығына барып, орталықтың директоры Жанна Естаулетовамен кездесті. Кездесу барысында студенттер Франциядағы оқу, Альянстың қызметі, білім беру бағдарламалары, француз тілін үйрену мүмкіндіктері және DELF, DALF халықаралық емтихандары туралы мағлұмат алды.
Студенттер Францияда және франкофон елдерде білім алу мүмкіндіктеріне ерекше қызығушылық танытты. Стажировкалар, гранттар мен алмасу бағдарламалары халықаралық қатынастарды зерттейтін студенттерге кең мүмкіндіктер ашады.
Alliance Française барлық деңгейдегі студенттер үшін оқу бағдарламаларын ұсынады – бастауыштан бастап жоғары деңгейге дейін. Студенттер қарқынды, стандартты немесе мамандандырылған француз тілі курстарын таңдай алады. Француз киносының жанкүйерлері тұрақты кино көрсетілімдеріне қатыса алады, бұл француз киноөнерімен танысуға және тілді тыңдау арқылы меңгеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, орталықтың бай кітапхана қоры бар – студенттер француз тіліндегі кітаптарды, оқулықтарды және аудиоматериалдарды пайдалана алады.
Француз тілінде сөйлесуге машықтанғысы келетіндер үшін Alliance Française орталығы еркін ортада тілді жаттықтыруға мүмкіндік беретін сөйлесу клубтарын ұйымдастырады.
Бұл сапар студенттер үшін француз мәдениеті мен тілі туралы білімдерін тереңдетуге, болашақ академиялық және кәсіби даму жолдарын айқындауға шабыт беретін ерекше мүмкіндік болды.
Филология ғылымдарының кандидаты Мұхаметқалиева Г.О.
ҚазҰУ, Халықаралық қатынастар факультеті, дипломатиялық аударма кафедрасы
Басқа жаңалықтар

