"Әйелмен әлем әдемі" және ТДМ: Гендерлік теңдікке қадам

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған "Әйелмен әлем әдемі" атты мерекелік шара жоғары деңгейде өтті. Бұл кеш нәзік жанды аруларға деген құрметті білдіріп қана қоймай, Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) бесінші бағыты – гендерлік теңдік қағидаттарымен де үйлесті.
Университет ректоры Ж.Қ.Түймебаев өз құттықтауында әйелдердің білім мен ғылымдағы, қоғам дамуындағы рөлін ерекше атап өтіп, олардың еңбегіне алғыс білдірді. Көп жылын оқытушылық пен ғылыми зерттеулерге арнаған ардақты ұстаздарға арнайы марапаттар табысталып, олардың кәсіби жетістіктері жоғары бағаланды. Бұл – әйелдердің білім беру саласындағы еңбегін мойындау мен бағалаудың жарқын көрінісі.
Салтанатты кеш барысында факультет ер азаматтары жүрекжарды құттықтауларын арнап, әсерлі ән мен жырдан шашу шашты. Әйелдердің қоғамдағы тең құқылы орнын дәріптеуге бағытталған осындай шаралар олардың білім мен ғылымға, экономика мен саясатқа белсенді араласуына серпін береді.
Гендерлік теңдік – тек әйелдерге ғана емес, бүкіл қоғамға пайда әкелетін маңызды қағидат. Әйелдердің білімге қолжетімділігін қамтамасыз ету, олардың еңбек нарығындағы тең мүмкіндіктерін қолдау – Қазақстанның тұрақты дамуы мен өркендеуіне тікелей әсер ететін факторлардың бірі. Университет қабырғасында өткен бұл мерекелік шара әйелдер еңбегінің маңыздылығын тағы бір мәрте айшықтап, қоғамдағы гендерлік теңдікке деген оң көзқарасты қалыптастыруға үлес қосты.
Басқа жаңалықтар

