ТДМ 17. «АНАҒА ҚҰРМЕТ – ПАРЫЗДЫҚ МІНДЕТ!»

2025 жылдың 13 наурыз күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Филология факультетінің 3 курс студенттерінің ұйымдастыруымен №17 студенттер үйінде «Анаға құрмет – парыздық міндет!» тақырыбында әдеби-сазды іс-шара өтті.
Іс-шараның мақсаты – нәзік жанды аруларымыздың қоғамдағы рөлін айқындау, оларға қуаныш сыйлау, студенттердің оларға деген ізгі ниеттерін көрсету.
Іс-шара барысында «Ана туралы жыр», «Ана» әндері орындалып және «Балбырауын», «Ерке сылқым» күйлері кеш қонақтарының көңілдерінен шықты. Сонымен қатар, студенттердің әдеби топтамасында М.Мақатаев «Шеше сен бақыттысың...», Т.Айбергенов «Ана», Қ.Мырзалиев «Ана» т.б. өлеңдер оқылды.
Ана, Ана, Ана!... не деген мейірлі, не деген шапағатты сөз еді. Осынау үш әріптен құралған қасиетті сөздің түп төркінінде қаншама ұлы сезім жатыр десеңізші. Сезім мен қасиетті, бар махаббат пен шапағатты тудырып тұрған ұлы ана сезімін қадірлемейтін жан бар ма екен бұл өмірде? деп студенттер ана туралы ойларын ортаға салды.
Қорытынды сөз кезегі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор м.а. Сарбасов Болатхан Серғазыұлына берілді. Ана туралы құран-хадисте: «Бірде бір кісі келіп: «Уа, Алланың елшісі! Адамдардың ішінде кіммен ең жақсы қарым-қатынаста болуым керек?» - деп сұрады. Алла елшісі оған: «Анаңмен» деді. Сұраушы екінші рет «сосын кіммен?» деп қайта сұрады. Пайғамбарымыз тағы да «Анаңмен», - деді. Сұраушы үшінші рет «тағы кіммен» деп сұрағанда: Пайғамбарымыз тағы да «Анаңмен» деп жауап берді. Әлгі адам төртінші рет сұрағанда: Пайғамбарымыз «Әкеңмен» деп айтқан екен. Осы хадисте айтылғандай ең әуелі, жақсылықты ата-анамызға жасау керектігін әр мұсылман баласы естен шығармау керек деп айтар едім.
Қазақтың белгілі ақыны Шәкәрім Құдайбердиев: «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаңда, ана қарызынан құтыла алмайсың!» деген екен. Анаға деген сүйіспеншілік, адалдық, мейірімділік, жомарттық қасиеттер әр адамның бойында болу керек және анаға деген құрмет бірінші кезекте тұру керек деп ойлаймын. Ананы сыйлау, қадірлеу баршамыздың міндетіміз.
Бүгінгі іс-шарада «Ана» тақырыбы жан-жақты ашылғанын ризашылықпен айтып, алғысын білдірді. Әдеби кеш соңында, Болатхан Серғазыұлы студенттерді 14 наурыз «Амал, көрісу» мерекесімен құттықтады!
Басқа жаңалықтар

