Жалындап жанған жыр…
Баубек Бұлқышев есімін университеттегі студенттік шақта естідік. Журналистика факультетіне келген әрбір студенттің жата-жастана оқитын кітаптарының бірі Баубектің жазғандары болатын. Ең алдымен, профессор Тауман Амандосовтың лекцияларынан қанық болған Баубек шығармашылығы әрқайсымызға шабыт беріп, өмірге құштарлығымызды оятатын. Аса талантты жазушы, бүркеншік аты «Тау ұлы» Мұқан Иманжановтың Баубекпен достығын аңыз етіп айтатынбыз. Кейіннен әмбебап журналист, публицист Камал Смайылов ағамыздың Бұлқышевтің жақын аталас туысқаны екендігін естіп, тағы бір серпілгеніміз бар. Журналистикада жастық жігерімен, қалам қайратымен танылған ең жас таланттар Қазақстан Журналистер одағының Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығымен марапатталатын.
Баубек Бұлқышев 1916 жылы Қарағанды облысы, Ұлытау ауданында дүниеге келген. Қарсақбайдағы ФЗО мектебін 1935 жылы бітіргеннен кейін, Алматыға жол тартады. Сөйтіп, Алматы сауда-қаржы техникумында оқи жүріп, көптеген өлеңдер жазады, «Балалық шақ» поэмасын, «Ауылдан Алматыға» атты әңгімесін туғызады. Арманы асқақ тума талант 1939 жылы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде әдеби қызметкер, кейін «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде бөлім меңгерушісі болып еңбек жолын бастайды. 1940 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылады да, Мәскеу әскери училищесінде оқиды, орыс тілін жетік меңгереді. 1941 жылы фашистік Германиямен соғыс басталғанда, алғашқы күндерден-ақ ұрыстарға қатысады. Баубек көптеген өлеңдер жазып, қаламын қолдан тастамайды. Ол шығармаларын республикалық, одақтық баспасөз беттерінде жариялайды. Оның «Алматы – менің туған қалам» атты бітпей қалған романы мен «Айсұлу» деген поэмасы бар. Б.Бұлқышевтің шығармашылық дарыны соғыстың ауыр сын сағаттарында ерекше көрінді. 1942 жылы 1 мамырда «Комсомольская правда» газетінде Баубектің «Өмір мен өлім туралы» (жас қазақ әскерінің хаты) деген ерекше оттылықпен жазылған отаншыл мақаласы жарық көрді. Мұнан кейін де «Комсомольская правда» газетінің бетінде жарияланған «Өмір сүргім келеді», «Өмір біздікі», «Махаббат пен зұлымдық», «Шығысұлына хат», «Тыңда, Кавказ!» атты рухы биік ғажайып шығармаларын әйгілі жазушы Ғабит Мүсірепов қазақ тіліне шебер аударып, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде жариялады.
Баубек публицистикасы өз заманының желбіреген туына айналды. Оған алып елдің түкпір-түкпірінен хаттар ағылды. Оның публицистикасы 40-жылдардың алып кеңістігінде үлкен резонанс туғызды. Бұл туралы Баубектің қаламдас досы Мұқан Иманжанов өз естелігінде Баубек хаттарынан үзінділер келтіреді: «Бірінші жарияланған «Өмір мен өлім туралы» әңгімесіне байланысты, өзі былай деп жазады: «Комсомольская правда» арқылы патриоттардан статьям жөнінде көп хат алам. Әсіресе, Украина мен Белоруссияның қыздары көп жазады. Редакция да құттықтап, материал сұрап 4-5 рет хат жазды. Мен бұл кішкентай статьямен жастардың жүрегіне қобыз ойнатсам керек…», 1943 жылғы 20 мартта жазған бір хатында: «Мені хат деген басып кетті… Совет Одағының бұрыш-бұрышынан келеді» – дейді.
«Социалистік Қазақстан» газетінің бетінде соғыс жылдары эпистолярлық публицистика ерекше қарқынмен дамыды. «Майданнан хат» деген арнайы айдар да ашылды. Сол айдар арқылы майдандағы жауынгерлер өздерінің елге деген ыстық сәлемін ұдайы жеткізіп отырды. Елдегі, тылдағы еңбеккерлер де майданға хаттарды толассыз жолдады. Осы ретте алғаш «Комсомольская правда» газетінде орыс тілінде, кейін «Социалистік Қазақстан» бетінде Ғ.Мүсірепов аудармасымен қазақша жарияланған Баубек Бұлқышевтің публицистикалық хаттарының алатын орнына тоқталмай кету мүмкін емес. Қазақ сөз өнерінің тарихында Баубек Бұлқышев есімі алтын әріптермен жазылып қалды. Сонау 1943 жылы қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов: «Оның очерк, мақалалары үлкен шеберлікпен жазылған. Совет журналист-жазушыларының алдыңғы қатардағыларының-ақ айта алатын сөздері. Баубек дүниелік мәдениетпен, әр ағымды философиямен жақсы таныс, ірі жазушы болғалы келе жатыр еді.
Қолында мылтығы, қалтасында қаламы. Елімізді қорлап, жерімізді ластап жүрген неміс-фашистеріне екеуі де тас шоқпардай тиеді. Қаламын Отан соғысының тілегіне бағындырып, Баубек қазір көркем очерк суреттеуімен жазып жүр», – деп тебірене баға берді. Баубек шығармаларына ерекше сүйсінгені сонша, Ғабең кейін «Комсомольская правда» газетінде орыс тілінде жарық көрген Баубек публицистикасын қазақ тіліне төгілдіре тәржімалады. «Қазақ әскери публицистикасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған ғалым Р.Ыдырысов өз зерттеуінде Баубек шығармашылығына тұтас бір тарау арнады. Бұлқышев публицистикасының алатын орны туралы Ғ.Әбішевтің М.Қозыбаевтың, Қ.Әбілдаевтың, М.Серікбаеваның, Н.Уәлиевтің, т.б. зерттеулерінде де баға берілді.
Баубек публицистикаға өлеңнен келді. Бұл оның шығармаларының басты ерекшелігінің бірі. Қаламгердің қара сөзбен жазғандарының бәрі де өлеңдей төгіледі, өлеңдей оқылады. Мысалы:
«…Ел қорғауға ер намысымен аттанған біздің алдымызда үлкен бел жатыр, Шығысұлы! Туған елдің келешегін сақтауға біз міндеттіміз. Ендеше, қазақ қыздарының ғасырлар бойы «Елім-ай» деп сар даланы күңірентіп салған зарлы әнін бүгінгі күні жаңа күймен ұрыс алдында бір шырқасақ, оның айып-шамы жоқ. «Елім-ай» елін сүйген қыз жүрегінен шыққан ән. Елін сүйген ер жігіт қазіргідей заманда «Елім-ай» десе ол ант! Ол серт! Ұрыс алдында жауынгердің жүрегіне төтенше махаббат құймақ, Шығысұлы. Кел, шырқатып «Елім-айды» салайық. Қайғымен емес, жауға бермейміз елімізді деп, жігерленіп салайық, қасіретпен емес, ел үшін, жер үшін өлімге қарсы жүреміз деп, серт бере салайық. Сен қайда болсаң да, біздің даусымыз қосылады»… Жүректен үзіліп түскен бұл моншақтарда ұйқас болмаса да, ішкі сезім иірімдері бар, ерекше рухты екпін бар, сонысымен де – Елім-ай» деген өлең болып құйылып түскен. Иә, Баубек публицистикасындағы лиризм – оның басты өзгешеліктерінің бірі.
Баубек – публицист өз қаламын еркін сілтеді, табиғи жазды. «Қазақ халқы азбаған, табиғаты таза халық» (Ы.Алтынсарин) екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Сөйтіп, табиғатынан ақын қазақ халқының жан дүниесін әлемге ақтарып салды. Баубек қаламының ұшында поэзия публицистикамен тоғысты. Оның шығармаларында бабалар жаны, екпінді, жігерлі, қайратты Махамбет рухы бар. Сол Махамбет рухы ел басына күн туғанда:
«…Біздің қазіргі уақыттағы орнымыз қанды майдандағы қызу ұрыста ғой. «Ереуіл атқа ер салмай» біздің ісіміз бітпейтін, нағыз қызу кезең осы емес пе, Шығысұлы!» – деп Баубек публицистикасы болып қайта жаңғырды.
Баубек публицистикасының екінші бір өзегі – оның философиялық қуаты. Оған да мысал көп: «…Адам туады, адам өледі. Мұнда тұрған қайғы не? Бұл жаратылыс заңы. Біздің шығыс елдері «адам дүниеге келген қонақ, біраз қонақтадың, аттануың керек» деседі.
Бірақ адам дүниеге тек қана келіп, әшейін ғана аттана бермейді: ол артында ой қалдырады, ойдан мұра қалдырады. Ол өмірге адам болып келіп, адам күйінде қайтады…» – мұнда – «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», – деген ұлы Абайдың өмірлік философиясы, Абай рухы бар.
Баубек өз публицистикасының ерекшелігін өз сөзімен былайша ашады: «Біз поэзияны сүйетін едік. Бос уақытымызды философияға беретін едік. «Адам жүрегімен сөйлескің келсе – музыканы үйрен», – деген сонау бір композиторға біз неше рет алғыс айттық екен! Біз музыканы жүрегімізбен тыңдаушы едік…» .
Сонымен Баубек публицистикасын қазақ әскери публицистикасының шыңына көтерген үш бастау бар. Ол – поэзия, философия, музыка. Осы үш тараптан құйылған қуатты күш, серпінді сезім, асқақ ой мәңгі оқылатын Бұлқышев публицистикасын туғызды.
Баубек шығармалары – елдің бүкіл сана-сезім, күш-жігерін ортақ жауды жеңуге жұмылдырды, жоғары патетикалық пафосты, шешен тілді, халық даналығын өз ойларына өзек етіп қолданды. Б.Бұлқышев публицистикасы ауыз әдебиетінің бай қазынасымен суарылып, тарихи аңыздардан, айтыстар мен мақал-мәтелдерден, жыраулық поэзия үлгілері мен шешендік сөздерден тамыр тартты. Және сол бай рухани мұра майдандағы және тылдағы деректі фактілермен, ақиқат оқиғалармен, баяндаудың қуатты мәнерімен астасып жатты. Соның нәтижесінде өткір тіл, ойды қысқа және дәл жеткізуге құрылған ғажайып публицистикалық шығармалар туды. Уақыт өте келе, 1954 жылы, Қазақстан Жазушыларының ІІІ съезінде жасаған баяндамасында Ғабиден Мұстафин Ұлы Отан соғысы дәуіріндегі әдебиетті сипаттай келіп: «…Әдебиеттің ең кенже жанрының бірі – публицистика зор күшке айналды. Әуезов, Мұқанов, Мүсірепов, Тоқмағанбетов сияқты аға жазушылардың халық ашуымен суарылған мақала, очерктері өз алдына, бұрын үні естілмеген Бұлқышев сияқты жастар окопта жатып жауын оқпен ғана атқан жоқ, өткір мақала, очерктермен де атып жатты», – деп көрсетіпті.
Баубек шығармалары «Заман біздікі», «Өмір біздікі», «Өшпес өмір», «Жауынгер мәңгілігі», «Адамзатқа хат» атты тақырыптармен бірнеше рет кітап ретінде басылып шықты. Ең соңғы рет «Заман біздікі» деген атпен 1984 жылы жарық көріпті. Содан бері отыз жылдан астам уақыт өтті. Биыл небәрі 28 жасында Украина жерінде қаһармандықпен қаза тапқан, ғажайып публицист, арманшыл ақын, жауынгер-жазушы Баубек Бұлқышевтің туғанына 100 жыл толып отыр. Тәуелсіз еліміздің бүгінгі ұрпағы дара тұлға Бұлқышевті мәңгі есте қалдыру шараларын атқару керек деп ойлаймыз. Оның кітабы жаңғыра басылып тұруы керек. Сондай-ақ жастық жігер мен ұлттық намыстың символындай ескерткіші ірі қалаларда орнатылса, болашақ ұрпақты елді сүюге мәңгілік тәрбиелеп тұрар еді.
Баубек десе, жалындаған от көрем,
Жауға атылған жастық жігер, кекпенен.
Жүрегінен ақтарылған ақ өлең
Көк сүңгідей дұшпан ойын көктеген.
Баубек деген қазағымның намысы,
Сақтар менен сарматтардың дауысы.
Батыс төрін ойран еткен Еділдің
Дүркіреген аттарының дабысы.
Баубек деген Ер Түріктің семсері,
Баубек деген батырлықтың өлшемі.
Баубек деген Ерасылдың найзасы,
Баубек деген Өр Абылай еңселі.
Баубек деген арыстанның айбаты,
Қашқан одан оймауыты, ойраты.
Қаһарланса орысқа да бой бермес,
Хан Кененің қайқы қылыш қайраты.
Баубек десем, тақымымда ат ойнап,
Жанарымда жарқылдаған от ойнап.
Махамбет боп «Ереуіл атқа ер салмай»,
Алматы боп жауға шаптым атойлап.
Қара жерге борай жауған қар өзі.
Ақыл, сезім, махаббаттың бәрі – өзі.
Баубек деген біле білсең, жас ұрпақ.
Қазағымның өр рухының – дәл өзі!
Бауыржан ЖАҚЫП,
ҚР Ұлттық ғылым академиясының
корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, ақын.
АЛМАТЫ.