Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысындағы баяндамасына пікірFarabi University

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысындағы баяндамасына пікір

15 наурыз, 2025

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысындағы баяндамасы маңызды бағдарламалық құжатқа айналды деп есептеймін. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетінің оқытушысы ретінде жаһандық және өңірлік саясат мәселелеріне, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық процестердегі рөліне тікелей қатысы бар бірнеше маңызды аспектіні атап өткім келеді. Бұл баяндамада еліміздің дамуының негізгі басымдықтары мен өзекті сын-қатерлері көрініс тапқанын ерекше атап өту қажет.

Біріншіден, саяси реформалар мен мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға басымдық берілуі демократия институттарын нығайтудың маңызды қадамы болып табылады. Үкіметтің есептілігін арттыру, парламенттің өкілеттіктерін кеңейту және азаматтардың шешім қабылдау процесіне тікелей қатысуына жағдай жасау неғұрлым инклюзивті басқару моделінің қалыптасуын білдіреді. Бұл өзгерістер стратегиялық маңызға ие, өйткені Қазақстан тұрақты мемлекеттер қатарынан орын алуға ұмтылуда.

Екіншіден, Президент салық реформасының маңыздылығын атап өтті, салық-бюджет жүйесінің тиімділігін арттыру қажеттігін баса айтты. Халықаралық контексте бұл Қазақстанның экономикалық саясатын қазіргі сын-қатерлерге бейімдеуге деген ұмтылысын білдіреді. Тұрақты даму үшін қолайлы жағдай жасау өте маңызды. Жаһандық тұрақсыздық пен әлемдік экономикадағы өзгерістер жағдайында мұндай тәсіл орынды әрі қажетті деп санаймын.

Үшіншіден, ұлттық бірегейлік пен мәдени саясат мәселесі ерекше назар аударуға тұрарлық. Мемлекет басшысы қазақ тілін дамытуға, ұлттық мәдениетті қолдауға ерекше көңіл бөлді. Конфуций, Гёте және Сервантес институттарына ұқсас Абай институтын құру мәселесі көтерілді. Бұл Қазақстанның мәдени дипломатиясын нығайту жолындағы маңызды қадам. Бұл әсіресе халықаралық қатынастар факультеті үшін өзекті, өйткені ұлттық мәдени мұраны халықаралық деңгейде насихаттаудың озық тәжірибелерін зерттеу – білім беру үдерісінің ажырамас бөлігі.

Ақырында, баяндаманың негізгі бағыттарының бірі өңірлік ынтымақтастықты нығайту және халықаралық қауіпсіздік мәселесі болды. Қазіргі геосаяси сын-қатерлер жағдайында Қазақстан сенімді серіктес ретіндегі рөлін сақтауға ұмтылуда. Жақын болашақта Қазақстан өзін бітімгершілік держава ретінде танытуға ниетті. Бұл дипломатиялық институттарды жаңғырту жөніндегі бастамалармен, халықаралық ұйымдарға қатысумен және диалог пен ынтымақтастық қағидаттарын ілгерілетумен расталады.

Осылайша, Президенттің баяндамасы қазіргі күн тәртібін терең түсінетінін көрсетеді. Жүйелі реформалар жүргізудің қажеттілігі туындағаны сөзсіз. Бұл баяндама халықаралық қатынастар факультетінің оқытушылары мен студенттері үшін Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының процестерін зерттеуге, сондай-ақ елдің жаһандық контекстегі рөлін түсінуге арналған құнды аналитикалық материал болып табылады.

Малтабаров Арсен Аскарұлы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Халықаралық қатынастар факультетінің оқытушысы,
Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасы