Маратбек Төлебергенұлы Габдуллин

Маратбек Төлебергенұлы Габдуллин – физика-математика ғылымдарының кандидаты, PhD, плазма физикасы, наноматериалдар, нанотехнологиялар және сутегі энергетикасы салалары бойынша жоғары білікті маман.
Ол 2001 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика факультетін тәмамдап, кейін магистратураны үздік аяқтады. 2005 жылы «Плазма физикасы» мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Оптика және плазма физикасы кафедрасында аспирантураны бітірді.
2005 жылы Маратбек Төлебергенұлы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Эксперименттік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институтында ғылыми қызметін бастаған. Бұл жерде жетекші маманнан бастап, директордың орынбасары лауазымына дейін көтерілді. 2010 жылы ҚазҰУ-дың Ұлттық ашық типтегі нанотехнологиялық зертханасының директоры болып тағайындалып, 2017 жылдың қыркүйегіне дейін осы қызметті атқарды. 2017 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақстан-Британ техникалық университетінде ғылым және инновациялар жөніндегі проректор қызметін атқарды, кейіннен осы университеттің ректорының міндетін атқарушы болып тағайындалды.
Маратбек Габдуллин 400-ден астам ғылыми еңбектің авторы, олардың 55-і АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Ресей және басқа да елдердің жоғары рейтингті ғылыми журналдарында жарық көрген. Ол Қазақстан Республикасының 9 патентінің авторы. Ғалым Германия, Франция, АҚШ, Жапония, Ресей, Украина және Беларусьтің жетекші ғылыми орталықтарымен тығыз ғылыми байланыста. Сонымен қатар, ғылыми журналдардың редакциялық алқасының мүшесі және беделді басылымдардың рецензенті болып табылады.
Ғылымдағы жетістіктері үшін Маратбек Төлебергенұлы «Жылдың үздік жас ғалымы», «ЖОО-ның үздік оқытушысы» атақтарына ие болды. Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы Қазақстан Республикасының ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Алтын Адам – Жыл адамы» сыйлығының «Ғылым қайраткері» номинациясының иегері, «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» Президенттік медалімен марапатталған.
Басқа жаңалықтар

