Америка және Қазақстан студенттерінің бірлескен халықаралық жобасы

2024-2025 оқу жылында Америка және Қазақстан студенттерінің бірлескен халықаралық жобасы іске асуда. Осыған орай 14-наурыз күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Фараби» кітапханасында Пенсильвания мемлекеттік университеті (АҚШ) мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультеті профессор-оқытушылары мен студенттерінің кездесуі өтті.
Кездесудің алғысөзінде журналистика факультетінің деканы Қ.Әуесбайұлы Америка университетінен келген профессорлар мен студенттерге алғыс айтып, журналистік білім беру, халықаралық алмасулар саласындағы ынтымақтастығымыз дами беретініне сенім білдірді.
Пенсильвания мемлекеттік университетінің коммуникация колледжінің PhD докторы Kathleen O'Toole студенттердің халықаралық жобасы туралы әңгімелеп, ғылыми және білім беру бағытындағы достастығымыздың ұлғая беретініне тоқталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасы Пенсильвания университетінің (АҚШ) Donald P. Bellisario атындағы Коммуникация факультетімен тығыз байланыс орнатып, студенттік халықаралық жобаны қолға алған болатын.
Пенсильвания университетінің профессоры Kathleen O'Toole «Халықаралық репортаж» курсы аясында наурыз айының басында өз студенттерімен Алматыға келіп, журналистика факультетінің ағылшын тобы білім алушыларымен Гендерлік теңдік, Көшпенділердің киім дизайны, Білім беру жүйесі, Геосаясат және т.б. тақырыпта дереккөздерден сұхбат алып және TikTok-тағы әңгімелер мен бейнелер үшін бейнесюжеттер түсіру үстінде.
Пенсильвания университетінің 9 білім алушысы алдымен 2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында Қазақстан елі туралы зерттеулер жүргізіп, телесюжеттер жасауға идеялар іздестіру жұмыстарымен айналысқан болатын.
АҚШ-қа оралғаннан кейін олар баспа және мультимедиялық материалдарды толық әзірлеп және Пенсильвания штатында (соның ішінде екі ірі қала - Питтсбург пен Филадельфияда) кеңінен қамтылатын арнайы шығарылым дайындайды.
Бұл жобаға қатысқан екі елдің студенттері Пенсильвания университеті тарапынан арнайы марапаттарға ие болады.
Осы жоба аясында желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында Пенсильвания мемлекеттік университеті мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің профессор-оқытушылары бірлесіп онлайн дәрістер оқыған болатын.
Пенсильвания мемлекеттік университетінің (Филадельфия, АҚШ) коммуникация колледжінің оқытушысы Shaheen Pasha өзінің АҚШ-тың әлемге танымал CNN телеарнасында жұмыс жасаған уақыттағы кәсіби тәжірибесімен бөліссе, қауымдастырылған профессор, Студенттер телевизиясының директоры Steve Kraycik білім алушылармен шығармашылық жұмыс жасаудағы өзінің жеке құпияларын және технологиялық жаңашылдықтар туралы баяндады.
Екі елдің студенттері де бұл халықаралық жобаның өздеріне берген пайдасы туралы өз ойларын ортаға салды.
Америкалық профессорлар мен білім алушыларды ҚазҰУ-дың Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Есбол Тоқтарбайұлы Өміржанов арнайы қабылдап, университет басшылығы атынан үлкен алғыс білдірді.
Кездесу барысында шетелдік қонақтарды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ музейінің жетекшісі Ардақ Жұмекеқызы да қарсы алып, 90 жылдық тарихы бар уиверситетіміз жайлы құнды ақпараттармен таныстырды.
Ошанова Орынтай Жаңабайқызы,
ЮНЕСКО-ның журналистика және
коммуникация кафедрасының меңгерушісі,
қауымдастырылған профессор
Басқа жаңалықтар


