Ғарышты дамыту – уақыт талабы
Ана тілі: 21.01.2016
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғарыштық технология дайындау бойынша әлемдегі алдыңғы қатарлы университеттердің бірі. Оның бір дәлелі күні кеше аспан әлемін бағындырып келген ғарышкер Айдын Айымбетовтің ұшу бағдарламасына енген «Кулонов плазмалық кристалы» тәжірибесі. «Кулонов плазмалық кристалын» университеттің ғарыш саласындағы алғашқы ғылыми тәжірибесі деуге болады.
Осы еңбектің авторы, профессор Тілекқабыл Рамазановтың айтуынша ғарышта алынған нәтижелер ғаламшардың пайда болу құпиясына үңілуге тамаша мүмкіндік сыйлайды екен. Міне, осы тәжірибені жүзеге асырған қазақтың үшінші және «Қазғарыш»-тың тұңғыш ғарышкері Айдын Айымбетов былтыр Халықаралық Ғарыш Бекетіне (ХҒБ) жасаған сапарына байланысты жуырда ҚазҰУ-дың студенттерімен кездесті. Кездесу өте жоғары деңгейде өтті.
Студенттердің ғарыш саласына деген қызығушылықтары аса зор екенін олардың Айдын Айымбетовке қойған неше алуан сауалдарынан білуге болар еді. Осы кездесу университет студенттеріне үлкен серпіліс пен жоғары көңіл күй сыйлады. Кездесу барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов өзінің сөйлеген сөзінің арасында: «Қазақстан «космостық» державаға айналып келеді. Сондықтан біз Қазақстан Республикасының ғарыш саласын дамытуға көп көңіл бөліп жатырмыз. Осы салада білікті мамандар дайындап, үлкен ғылыми жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда университет деңгейінде жасалған қазақтың алғашқы «Фараби 1» наноспутнигі ғарышқа шығуға дайын тұр. Алдағы уақытта салмағы 50 келі болатын микроспутникті ғарышқа жөнелту жоспарда бар» деп университеттің Қазақстанның ғарыш саласының дамуына қосып жатқан үлесін атап өтті. Халық қаһарманы кездесу барысында ҚазҰУ-дың ғарыш саласында жеткен жетістіктерімен танысып, нано-лаборатория мен ғылыми-техникалық паркті, «Керемет» атты студенттерге қызмет көрсету орталығы мен бірегей әл-Фараби кітапханасын аралады.
Сонымен қатар Қазақстанның 14 университеті дамушы Еуропа елдері мен Орталық Азия елдерінің жоғары оқу орындары рейтингіне енді. Рейтинг академиялық репутация өз саласындағы еңбегімен әлем назарын аударған ғалымдар саны, жұмыс берушілер сұранысы яғни түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші, топтағы білім алуға оңтайлы студенттер саны, интернетке қолжетімділік, PhD қызметкерлері саны, ғылыми еңбектеріне әлемде жасалған сілтемелер жиілігі сияқты тоғыз фактор бойынша жасақталады. Бұл тізімді британдық Quacquarelli Symonds компаниясы жасайды. Тізімге барлығы 22 елден 150 ЖОО кірген. Қазақстандық жоғары оқу орындары арасында алғашқы үштікте Қазақ ұлттық университеті 21-орынға ие болып, алға шықты. Қазақстанның озық елдердің қатарына қосылуы үшін – елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміздің арқасында кез келген сыннан мүдірмей өту – ортақ парыз, абыройлы міндетіміз!
С.Әділжанова,
Г.Төлепбердинова, Г.Ғазиз,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
информатика кафедрасының аға оқытушылары