Гендік инженериядағы векторларды қолдану негізінде аштық мәселесін шешуFarabi University

Гендік инженериядағы векторларды қолдану негізінде аштық мәселесін шешу

19 наурыз, 2025

 

Іс-шара Молекулалық биология және генетика кафедрасының «Генетика» мамандығының 1 курс докторанттары Мелисбек Айбарыс пен Абайлдаев Арман ұйымдастырды. Ғылыми кеңесші б.ғ.к., доцент Амирова А. К.

Аштық – жаһандық деңгейдегі күрделі әлеуметтік-экономикалық және биотехнологиялық мәселе. БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының екінші бағыты азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және аштықты жоюға бағытталған. Гендік инженерия әдістерін, соның ішінде векторларды қолдану, ауыл шаруашылығын тұрақты дамытуға, өнімділікті арттыруға және тағамдық қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді. Гендік инженерияның ауыл шаруашылығындағы рөлі мен болашағын талқылау мақсатында ғылыми және саяси көзқарастар төңірегінде дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Бұл іс-шара барысында гендік модификацияланған өнімдердің экологиялық қауіпсіздігі, экономикалық тиімділігі және этикалық аспектілері қарастырылды. Сонымен қатар, осы технологияларды қолданудың ұлттық және халықаралық деңгейдегі құқықтық реттелуі талқыланды.

Талқылау барысында қатысушылардың ойлары екіге бөлінді. Бір тарап гендік инженерияның ауыл шаруашылығында аштықты жоюдағы рөлін жоғары бағалап, оның артықшылықтарын қолдады. Олар ГМ-дақылдардың өнімділікті арттырып, ауыл шаруашылығын тұрақтандыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Қолдаушылар гендік модификацияланған өнімдер адамзаттың болашағы үшін маңызды екенін және олардың экологиялық таза әрі экономикалық тиімді екенін дәлелдеді. Векторларды қолдану ауыл шаруашылығында өнімділікті арттыруға, азық-түлік сапасын жақсартуға, экологиялық тұрақтылықты сақтауға және климаттық өзгерістерге бейімделуге мүмкіндік береді. Дүниежүзілік практикада алынған гендік модификацияланған өнімдерді мысалға алаып, ойларын дәйектеді .  Bt-жүгері мен Bt-мақта зиянкестерге төзімділігі жоғары дақылдар ретінде табиғи қорғаныс механизмдеріне ие, ал «Алтын күріш» β-каротин синтезін күшейту арқылы дәрумен А тапшылығының алдын алуға бағытталған. Сонымен қатар, азот бекітетін дақылдар топырақтың құнарлылығын арттырып, химиялық тыңайтқыштарды қолдануды азайтуға ықпал етеді. Құрғақшылық пен тұздануға төзімді өсімдіктерді дамыту ауыл шаруашылығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге көмектеседі.

Алайда, қарсы тарап бұл технологиялардың ұзақ мерзімді әсерлерін толық зерттеудің қажеттігін атап өтті. Олар гендік инженерияның ықтимал қауіптері мен этикалық мәселелерін көтеріп, экожүйеге және адам денсаулығына әсері толық зерттелмегенін ескертті. Сонымен қатар, гендік модификацияланған өнімдерді өндірудің әлеуметтік-экономикалық салдары туралы пікірталас жүрді. Пікірталас барсында келесі гендік инженерияның ықтимал қауіптері мен этикалық мәселелері  айтылды. Биологиялық қауіптер – генетикалық модификацияланған организмдердің (ГМО) табиғи экожүйеге ықтимал зиян келтіруі мүмкін. ГМ-дақылдардың табиғи өсімдіктермен араласуы биологиялық әртүрлілікті азайтуы мүмкін. Денсаулыққа әсері – ГМО-ның ұзақ мерзімді тұтыну салдары жеткілікті зерттелмеген. Кейбір зерттеулер ГМО-ны тұтынудың аллергиялық реакциялар мен ас қорыту жүйесінің бұзылуына әкелуі мүмкін екенін болжайды. Агроөнеркәсіптік монополиялар – гендік инженерия ірі агрохимиялық корпорациялардың бақылауында болғандықтан, фермерлер патенттелген тұқымдарды сатып алуға мәжбүр болады. Бұл шағын шаруашылықтар үшін экономикалық тәуелділікке және әлеуметтік теңсіздікке әкелуі мүмкін. Этикалық және мәдени аспектілер – кейбір қоғамдарда гендік модификацияланған өнімдерге моральдық және діни көзқарастар бойынша қарсылық бар.

Гендік инженерияда қолданылатын векторлар ауыл шаруашылығында инновациялық серпін беріп, аштық мәселесін шешуде маңызды рөл атқара алады. Бұл технологиялар өнімділікті арттырумен қатар, қоршаған ортаға зиянды әсерді азайтуға және халықтың денсаулығын жақсартуға септігін тигізеді. Алайда, олардың биологиялық қауіпсіздігі мен этикалық аспектілері жан-жақты зерттеліп, қатаң ғылыми және құқықтық бақылауға алынуы тиіс. Гендік инженерияның әлеуетін тиімді пайдалану арқылы аштықты жоюға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен мүмкіндік бар ауыл шаруашылық жүйелеріне араласу этикалық мәселелерді тудырады.