«Марғұлан оқулары» археологиялық зерттеулерге жол ашуда

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Фараби кітапханасында «Марғұлан оқулары – 2025» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы басталды. Іс-шараны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты, ҚазҰУ-дың тарих факультеті және ҚР Ұлттық музейі бірлесе ұйымдастырды.
Қазақстандағы археологиялық зерттеулердің жаңа нәтижелерін ғылыми айналымға енгізу және оларды зерттеудің заманауи әдістерін ілгерілетуді мақсат тұтқан бұл ғылыми алаң дәстүрлі түрде 1989 жылдан бері өткізіліп келеді.
Шараға еліміздің жетекші ғалымдары және Франция, Германия, Корея, АҚШ, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан сынды елдерден сарапшылар мен ғалымдар қатысуда.
Конференцияны Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры, тарих ғылымының кандидаты Ақан Оңғарұлы ашып, ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хатын оқып берді. «Қазіргі таңда археологиялық зерттеулерді жаңа деңгейге көтеру мақсатында бірқатар маңызды жобалар қолға алынуда. Олардың бірі – Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының жаңа кешенін салу және еліміздің археологиялық олжаларын сақтау мен зерттеу үшін ұлттық депозитарий құру. Бұл жобалар халқымыздың байырғы тарихы мен мәдениетін зерттеу ісінде маңызды қадам болары сөзсіз. Археологияға қатысты заңдарды жетілдіру, лицензия беру ісін реттеу, заңсыз қазбаларды тыю, тарихи-мәдени сараптама жүргізу сынды мәселелер бүгінде Мәжіліс қабырғасында талқыланып жатқаны бәріңізге аян. Осы ретте Марғұлан оқулары тек пікір алмасу емес, археология мен тарих ғылымының жаңа белеске көтерілуіне серпін беретін бірегей шара. Еліміздің мәдени мұрасын терең зерттеп, әлемге таныту жолында табысты әрі жемісті жұмыс жасай беріңіздер», – делінген хатта. Сондай-ақ жиынға жиналғандар Қазақстан археология ғылымының жай-күйі мен болашағы және ондағы ерекше назар аударуды қажет ететін мәселелер бойынша баяндама жасады.
Бұдан әрі конференция ежелгі, ерте темір дәуірі археологиясы, орта ғасырлар археологиясы, археологиядағы пәнаралық зерттеулер және басқа да бағыттар бойынша секциялық жұмыстарға жалғасты.
Шара аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың Түркістан мен Атыраудағы отырысында берген тапсырмаларын орындау бойынша «Қазақстан археология ғылымын дамытудың тұжырымдамасын талқылау» және «Қазіргі уақыт сынындағы Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы» атты екі дөңгелек үстел өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


