«Қазақ ертегілерінің тәрбиелік мәні» тақырыбында тәрбиелік іс-шара өттіFarabi University

«Қазақ ертегілерінің тәрбиелік мәні» тақырыбында тәрбиелік іс-шара өтті

13 наурыз, 2025

2025 жылдың 13 наурызында филология факультетінің  қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының доцент м.а., PhD, «Қазақ халық ауыз әдебиеті» пәнінің оқытушысы Даутова Гүлназ Рахымқызы, қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының меңгерушісі ф.ғ.д., профессор А.Б.Темірболат, ф.ғ.д., аға оқытушы  Болатова Гүлжан Жамбылқызының және «Әдебиеттану» білім беру бағдарламасының I курс докторанттары Тойбазар Аяжан мен Тұрдәлі Талғат ұйымдастыруымен ТДМ 4. «Сапалы білім беру» аясында 2-курс студенттерімен «Қазақ халық ауыз әдебиеті» пәні бойынша «Қазақ ертегілерінің тәрбиелік мәні» тақырыбында тәрбиелік  мазмұнда тәрбие сағатын өткізді.

Іс-шараға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология факультеті деканының Ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Ж.А.Баянбаева, қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының оқытушылары Тлеубаев С.Б., А.Саргелтаева,  орыс тілі және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Қ.Н.Жаппаркулова қатысты.  Тәрбие сағатының негізгі мақсаты – қазақ халқының ауыз әдебиетін жеке пән ретінде оқыту арқылы халқымыздың ғасырлар бойына жасаған рухани мәдениеті көрсетілген туындылардың идеялық-көркемдік мәнін, фольклордың тарихы мен теориясын, халық өнері, олардың ішінде ертегілердің алатын орны мен табиғатын, ауыз әдебиетінің туу, таралу-сақталу ерекшеліктерін түсіндіру.

Шара барысында студенттер  топқа бөлініп, белсенді әдістер қолданылды. Сонымен қатар, М.Әуезов, М.Ғабдуллин, З.Сейітжанұлы т.б. шығармаларындағы ертегі тарихы мен теориясы, түрлері талданды. Алғашқы бөлімде ертегілердің негізгі айырмашылықтары мен олардың қолданылу аясы түсіндірілді. Теориялық материалдармен танысқан соң студенттер түрлі әдістерді қолданып, шығармашылық тапсырмаларды орындады. Шараның қорытынды бөлімінде әр топ «Кездейсоқ дөңгелек» әдісі арқылы ертегілердің ерекшеліктерін талдап, қазіргі қоғамда ертегілердің атқаратын қызметін, олардың жастар тәрбиесіндегі маңызын жан-жақты қарастырды. Сабақ соңында wordwall қосымшасы арқылы студенттерден кері байланыс ретінде бірнеше сұрақтар қойылды. Студенттер тәрбие сағатының тақырыбын терең меңгергендерін көрсетіп, өз ойларын ортаға салды. Тәрбие сағатында докторанттар цифрлық технологиялар көмегімен «ой қозғау», топтық жұмыс, сұрақ-жауап әдістері мен wordwall тақтасында кері байланыс жүргізді. Тәрбие сағатының соңында ұйымдастырушылар өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Тәрбие сағатында ертегілердің түрлері салыстырмалы түрде қарастырылып, айырмашылықтары мен ұқсастықтары, әдебиеттану саласындағы рөлі айқындалды.