Францияның Пуатье университетінде «Наурыз» мерекесі ұлықталды
.jpeg)
Наурыз мейрамы — ұлттық мәдениетімізде молшылық пен жаңарудың мерекесі ретінде танылған. Наурыз бен көктем — егіз ұғым. Көктемде Самарқанның көк тасы еріп, жылғалардан су ағып, ағаштар жапыраққа оранып, айнала ерекше күйге енеді. Жануарлар қысқы ұйқыдан оянып, жылы жақтан қайтқан құстардың әуені естіледі — бұл ең керемет кезеңдердің бірі.
Наурыздың басты белгісі — жаңару, жандану, реніш пен өкпені артқа тастап, кешірім жасау, күн мен түннің теңелуі, жаңа күннің басталуы және молшылыққа бет бұру. Әр ұлт өзінің тілімен, ұлттық болмысымен, мәдениетімен ерекше. Осы орайда қазақ мәдениетін шетелдіктерге таныстыру мақсатында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, ф.ғ.к. Сейдикенова Алмаш Смайылқызының (қазіргі таңда Францияның Пуатье университетінде шақырылған лектор ретінде қызмет етеді) бастамасымен «Наурызнама» іс-шарасы ұйымдастырылды.
Эразмус бағдарламасы аясындағы академиялық ұтқырлық бойынша оқуға келген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Халықаралық қатынастар және құқық саласындағы аударма» мамандығының 3-курс студенттері (Тұрсынғазы Аида, Бибізада, Талшын) Пуатье университетінің студенттеріне наурыз мерекесін таныстырды.
Профессор А.С. Сейдикенова мен қазақстандық студенттер арнайы ұлттық киім киіп, әшекей тағып, наурыз мерекесінің тарихы, салт-дәстүрі, дайындалатын тағамдары, наурыз көженің құрамы мен ұлттық ойындар туралы ақпарат берді. Француз студенттеріне бауырсақ, жент, құрт, Қазақстан шоколады ұсынылып, әр тағам туралы ақпарат берілді.
Француз, армян және неміс студенттері ерекше қызығушылықпен тыңдап, сұрақтар қойып, өздері үшін Орта Азия мәдениетін ашқанын қуанышпен жеткізді. Олар тағамдардан алған әсерлерімен де бөлісті.
Мұндай танымдық іс-шаралар ұлттық болмысымыз, еліміз, мәдениетіміз, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз және тарихымыз туралы ақпарат беріп қана қоймай, елдің ұлттық брендін қалыптастыруға, білім туризмін ілгерілетуге және шетелдік студенттерді Қазақстанда оқуға тартуға ықпал ететіні сөзсіз.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
профессоры, ф.ғ.к.
Сейдикенова Алмаш Смайылқызы
Басқа жаңалықтар

