ҚазҰУ студенттері «Ұлы Жеңіс – мәңгілік тағзым» көрмесіне қатысты

Алматы, 2 сәуір – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультетінің ұйымдастыруымен Дінтану мамандығының 3-курс студенттері Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Ұлттық кітапханада өткен «Ұлы Жеңіс – мәңгілік тағзым» атты көрмеге қатысты.
Шараның мақсаты – студент жастарды Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тарихи оқиғалармен таныстыру, батырлардың ерлігін дәріптеу және тарихи мұраны құрметтеуге баулу. Көрмеге қатысушылар соғыс кезеңіндегі құнды деректермен танысып, отан қорғаушылардың қаһармандық жолын зерделеді.
Көрмеден алған әсер
Көрме барысында студенттер қазақ халқының даңқты батырлары – Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова, Сағадат Нұрмағамбетов, Рақымжан Қошқарбаев сынды тұлғалардың өмірі мен ерлік жолдарын зерттеді. Сондай-ақ, студенттер архивтік құжаттар, сирек кездесетін газет-журнал басылымдары, тарихи фотосуреттер мен майдан хаттары арқылы сол кезеңнің шынайы бейнесімен танысты.Бауыржан Момышұлының әскери шеберлігі мен соғыс тактикасы, Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың ерлігі, Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тіккен батырлығы көрме барысында ерекше атап өтілді. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысына қатысты баспасөз материалдары студенттерге терең тарихи таным берді.
Көрменің маңызы
Бұл іс-шара студенттер үшін ерекше танымдық мәнге ие болды. Көрме барысында олар Қазақстанның соғыс жылдарындағы тарихына шолу жасап, Жеңістің қандай қиындықпен келгенін терең түсінді. Тарихи деректермен танысу арқылы жастар Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық рухты бойларына сіңіре түсті.Осындай шаралар өскелең ұрпақтың өткен тарихқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, сонымен қатар оларды елін, жерін сүюге, батырлардың ерлігін мақтан етуге тәрбиелейді. Ұлы Жеңіс – біздің ортақ мұрамыз, оны ұмытпау – әрбір азаматтың парызы.
Шараның ұйымдастырушылары: қауымд.проф. Балтымова М.Р., аға оқытушы Мұқан Нұрзат .«Исламтану» 1 магистранты, Алпысбай Әсем
Басқа жаңалықтар


