Ұлттық көсемсөз жанрларына арналған соны еңбек

2 ақпан, 2016

Жақында журналистика факультетінде филология ғылымдарының докторы, профессор Кәкен Қамзиннің «Публицистика жанрларының эволюциясы» атты оқу құралының тұсаукесер рәсімі өтті.

Аталған ғылыми-әдістемелік еңбекте ұлттық көсемсөз жанрларының даму өрісі, өзіне тән сипаттары жан-жақты қарастырылған. Публицистика жанрларының пайда болуы, орнығуы, дәстүрлі жүйеcінің кемелденуі мен бүгінгі бет-бейнесі де тереңнен зерделенеді. Журналистика жанрларының жаңа жіктелім жүйесі мен пішіндері, масс-медиа мәтіндерінің динамикалық күш-қуаты, қазіргі ақпарат алаңындағы ұлттық құбылыстар үдерісі тұжырымдалады. Журналистика жанрлары формаларының түрленуі уақыт контексінде, заманалы сана мен ғылымның жетістігі, медиастратегия ретінде қарастырылады.

Қазақ ауыз әдебиетінен бастау алған көсемсөз жанрларын төл тамырымен қамтыған кітапта журналистиканың табиғатпен, жаратылыспен, ноосферамен, макро және микроәлеммен және нақты ғылымдармен сабақтастығына жіті назар аударылған. Оқырман аудиториясына ұлттық мазмұн мен сипат ерекшеліктері мен публицистика жанрларының фактографиялық, ақпараттық-талдамалық, көрнекі-бейнелегіш, философиялық, санаткерлік негіздемесі баян етілген. Еңбекте қазақ публицистикасы жанрлары ғылыми-методологиялық жағынан мейілінше байыпталған тың ойлар да жетерлік.

Тұсаукесер салтанатында оқу құралының мән-маңызы туралы факультет деканы С. Медеубек: «Осы заманғы журналистика жанрларының дамуына байланысты ақпарат кеңістігінде жүріп жатқан үдерістер мен құбылыстар жүйелі түрде оқырманға ұсынылып отыр. Бұл – еңбек журналистиканы шынайы ғылымдар санатына көтерген, қазақ журналистикасының ұлттық реңін қанықтырған, қазақ көсемсөз жанрларының қазіргі ақпараттық кеңістіктегі орнын теориялық жағынан анықтап берген соны туынды. Ғылыми-концепциялық және қолданбалық қырлары да жан-жақты тиянақталған. Публицистика жанрлары – қазіргі журналистика индустриясының шығармашылық стандартын айқындайтын сала. Сондықтан ғалым еңбегін өте жоғары бағалаймыз. Сонымен қатар еңбекті басып шығарған ҚазҰУ-дың «Қазақ университеті» баспа үйіне алғысымыз шексіз», – деді.

Ғылыми еңбектің тұсаукесеріне жиналған ғалымдар «бұл тек қазақы кеңістік қана емес, бүкіл түркі ақпарат сферасына өнегелік леп ретінде қабылдауға болатын шығарма» деген қорытындыға келді.

Ақпараттық кеңістіктегі сан сипатты баспасөз қызметін, теориясы мен тәжірибесін саралау, бәріне ортақ мәмле ұсынған ғалым еңбегі ғалым-педагогтардың, ізденушілердің, жастардың және практик-журналистердің рухани санасы мен біліктілігін арттырары сөзсіз.