Білім беру жүйесінде QS рейтингінің маңызы

Қазіргі таңда білім беру жүйесі мен сапасы әлемдік даму үрдістерінде маңызды орын алады. Осы орайда, QS (Quacquarelli Symonds) рейтингі әлемдік білім беру мен әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайларға әсер ететін факторлар ретінде қарастырылады.
QS рейтингінің басты мақсаты – жоғары білім беру саласындағы үздік университеттерді анықтау және олардың дүниежүзілік білім беру жүйесіндегі орнын көрсету. Сондай-ақ QS рейтингі әлемдегі ең беделді университеттерді бағалау жүйесі болғандықтан, университеттердің сапасын түрлі критерийлер бойынша анықтайды. Әсіресе академиялық бедел, жұмыс берушілердің пікірі, оқытушылар мен студенттер саны арасындағы қатынас, халықаралық студенттер мен оқытушылардың үлесі, зерттеу жұмыстарының сапасы мен басқа да көрсеткіштер екенін білеміз. QS рейтингі университеттердің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, студенттердің білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге әрі ғылыми зерттеулердің сапасын жақсартуға бағытталған. Білім беру саясатын қалыптастыруда аталған рейтинг маңызды рөл атқарады. Өйткені ол оқу орындарының дамуына зор ықпал етеді.
Жалпы, QS рейтингі білім беру жүйесінің сапасын арттыру және ғаламдық тұрақтылықты қамтамасыз етуде үлкен маңызға ие. Университеттер мен жоғары оқу орындары тұрақты даму мақсаттарын іске асыру жолында көшбасшы болып қана қоймай, өздерінің білім беру бағдарламаларын жаңартып, әлеуметтік жауапкершілікті арттырады. Басты мәселелер мен теңсіздіктерге қарсы күресуде белсенді жұмыс істейді. QS рейтингінің әлеуметтік теңдік мәселесіндегі басты критерийлерін атау қажет болса, алдымен университеттердің халықаралық студенттерге мүмкіндік беруін айтар едік. Бұл көптеген елдерден студенттердің келуіне және білім алуына жағдай жасайды. Осылайша университеттер тұрақты даму мақсаттарының теңдік және инклюзивтілік мақсаттарына қол жеткізуге үлес қоса алады. Ал экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша QS рейтингінде университеттердің экологиялық жауапкершілігі мен тұрақты даму принциптері де ескеріледі. Бұл университеттердің экологияны сақтауға және экологиялық таза технологияларды енгізуге ынталы екенін аңғартады. Жергілікті қоғамға қызмет көрсету аясында білім беру мен әлеуметтік қызмет көрсету саласының ықпалын атап өтуге болады. Университеттер жергілікті қоғамдастықтармен ынтымақтасып, олар үшін білім мен даму мүмкіндіктерін ұсынуға міндетті деп білеміз.
Қорыта келе, QS рейтингі әлемдік білім беру мен әлеуметтік даму үшін маңызды құрал болып табылатыны анық. Университеттер өз кезегінде тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру үшін білім беру сапасын арттырып, әлеуметтік жауапкершілік пен экологиялық тұрақтылықты қамтитын бастамаларға қолдау көрсетуі керек. Бұл білім беру жүйесінің тек ұлттық тұрғыда ғана емес, әлемдік деңгейде дамуына оң ықпал етеді.
Гүлзат ЗИЯТБЕКОВА,
ақпараттық технологиялар факультеті доцентінің м.а., PhD
Зухра ӘБДИАХМЕТОВА,
қауымдастырылған профессор, PhD
Басқа жаңалықтар

