Экономика және бизнес жоғары мектебінде «Тұрақты даму мақсаттары» аудиториясының ашылу рәсімі өтті.Farabi University

Экономика және бизнес жоғары мектебінде «Тұрақты даму мақсаттары» аудиториясының ашылу рәсімі өтті.

9 сәуір, 2025

Ⅳ Халықаралық Фараби Форумының негізінде «Жаһандық өзгерістер жағдайындағы тұрақты экономикалық даму парадигмасы: сын-қатерлер, салдар, мүмкіндіктер» атты Ⅲ Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында Экономика және бизнес жоғары мектебінде 2025 жылдың 9 сәуірінде «Тұрақты даму мақсаттары» (229 аудитория) аудиториясының ашылу рәсімі өтті. 
Жаһандық және әмбебап күн тәртібінде Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ 1-17) бүкіл адамзат үшін өте өзекті мәселелердің бірі болып табылады және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жаһандық мәселелерді шеше алатын мамандарды дайындауда басты рөл атқарады. Бұл кабинеттің ашылуы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің әлеуметтік жауапкершілігін және оның жаһандық тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін оразан зор үлес қосуға деген ұмтылысын көрсетеді.
Аудиторияның ашылу рәсіміне Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма мүшесі – Ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор міндетін атқарушы PhD, қауымдастырылған профессор Ибраимов Маргулан Қасенұлы мен демеуші жұмыс беруші, «ПСК Строй-Инвест» ЖШС басқарушы директоры Абенов Сакен Жетыбаевич және фокус-топтың қатысушылары, «Экономика» кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы және докторанттары қатысты. 
Фокус топтың басты мақсаты – Қазақстан өңірлерінде Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) орындалу барысын талқылау, атап айтқанда, ТДМ 1 (Кедейлікті жою) және ТДМ 8 (Экономикалық өсім және лайықты жұмыс орындары) бағыттары бойынша тиімді шешімдерді іздестіру. Іс-шара барысында әлеуметтік саясаттың, мемлекеттік қолдау бағдарламаларының, кәсіпкерліктің, сондай-ақ инновациялық тәсілдердің кедейлікті және табыс теңсіздігін төмендетуге қалай ықпал ететіні қарастырылды.
Фокус топтың кеңейтілген отырысында Уралбаев Нұртуған (ҚР Ұлттық экономика министрлігі, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Орнықты даму мақсаттары хатшылығының директоры орынбасары), Джамашева Әсел Маратқызы (Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің бас инспекторы), Мамешова Алуа Әлішеріқызы (Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Әлеуметтік көмек көрсету, мүгедектермен және ардагерлермен жұмыс бөлімінің бөлім басшысы), Жексембаева Гульмира Абилькаировна (Еңбек нарығын жинақтап талдау, болжау және дамыту бөлімінің басшысы), Жолдиев Рафхат Лесұлы (Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы), Галия Дмитриева (Associate Director, KPMG), Азиза Акимхан (инвестициялық аналитик, IFC, World Bank Group) баяндамалар жасалды. 
Кабинеттің ашылуы GF AP23489032 «Әлеуметтік тұрақсыздықтың жергілікті тәуекелдерін азайту үшін Қазақстан өңірлеріндегі табыс теңсіздігі мен кедейлікті төмендетуге ШОБ әсерін зерттеу» ғылыми жобасымен қаржыландырылған (жетекшісі Г.Р. Даулиева).