«Қаржы, есеп және мемлекеттік аудит – қазіргі сын-қатерлер жағдайындағы тұрақты экономикалық дамудың негізгі константалары» тақырыбына секциялық отырыс өттіFarabi University

«Қаржы, есеп және мемлекеттік аудит – қазіргі сын-қатерлер жағдайындағы тұрақты экономикалық дамудың негізгі константалары» тақырыбына секциялық отырыс өтті

10 сәуір, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Жаһандық өзгерістер жағдайындағы тұрақты экономикалық даму парадигмасы: сын-қатерлер, салдарлар, мүмкіндіктер» (IV Халықаралық Фараби форумы) атты III Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында «Қаржы, есеп және мемлекеттік аудит – қазіргі сын-қатерлер жағдайындағы тұрақты экономикалық дамудың негізгі константалары» тақырыбына секциялық отырыс өтті.

Отырысты «Қаржы және есеп» кафедрасы мен Экономикалық зерттеулер орталығы ұйымдастырды. Секция тақырыптары зейнетақы және салық саясатына қатысты ұлттық деңгейдегі мәселелерден бастап, тұрақты дамудың жаһандық трендтері, қаржы жүйесінің цифрлық трансформациясы және финтех шешімдерін енгізу сияқты өзекті бағыттарды қамтыды.

Білім берудегі инновациялар, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, тұрақты инвестициялық даму, стратегиялық басқару, сондай-ақ қаржының экологиялық және әлеуметтік аспектілері бойынша жүргізілген зерттеулер ерекше қызығушылық тудырды. Сонымен қатар, қаржы секторын жаңғыртудағы жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың ықпалы талқыланды.

Секцияның жұмысына ерекше серпінді жетекші университеттерден, компаниялардан, қаржы институттарынан, білім беру және ғылыми-зерттеу орталықтарынан келген халықаралық және отандық сарапшылар болды.

Халықаралық қатысушылардың қатарында Әзербайжан мемлекеттік экономикалық университеті (Әзербайжан), Даруссалам Гонтор университетінің Ислам экономикасы және құқық колледжі (Индонезия), Бронислав Маркевич атындағы қолданбалы ғылымдар мемлекеттік университеті (Польша), сондай-ақ Ювяскюля университеті (Финляндия) өкілдері болды.

Отандық сарапшылар «Kaz Minerals Aktogay» ЖШС, РБК Банкі, Influencers.kz әлеуметтік-білім беру жобасы, KMF-ДЕМЕУ корпоративтік қоры, ҚР Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Экономикалық зерттеулер институты, сондай-ақ «Қаржылық сауаттылық мектебі №1» ЖШС өкілдері қатысты.

Секциялық отырыс ғылыми және кәсіби пікір алмасуға, білім мен тәжірибе алмасуға, жаңа идеялар мен практикалық тәсілдерді талқылауға арналған тиімді алаңға айналды. Қатысушылар іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыстарын білдіріп, алдағы уақытта ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екендерін білдірді.