Құқықтық саясаттың даму бағыттары туралы дәріс

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ҚР бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев «Прокуратура жүйесі және құқықтық саясат: қазіргі жағдайы мен даму бағыттары» тақырыбында заң факультетінің студенттеріне арнайы дәріс оқыды.
Іс-шара Азаматтық құқық, азаматтық іс жүргізу және еңбек құқығы кафедрасының ұйымдастыруымен өтті. Прокуратура жүйесінің қазіргі жағдайын жан-жақты талдау, құқықтық саясаттағы өзекті мәселелерді айқындау және оның шешу жолдарын қарастыруға бағытталған шараға университет басшылығы, факультет ұжымы және студент жастар қатысты.
Ғалымжан Қойгелдиев өз дәрісінде құқықтық саясаттың мемлекет дамуына тигізер әсеріне тоқталды. Оның айтуынша, құқықтық саясат – бұл мемлекеттің заң шығару, құқық қолдану және сот жүйесі арқылы қоғамдағы тәртіпті, әділеттілікті және заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар жиынтығы. «Бүгінгі таңда құқықтық саясаттың тиімді жүргізілуі халықтың мемлекеттік билік институттарына деген сенімін арттырып, азаматтық қоғамның дамуына ықпал етуде» деген спикер бүгінде кеңінен белең алған қылмыс түріне жан-жақты тоқталды.
«Қазіргі таңда алаяқтық ең дамыған қылмыстың түрі саналады. Бұл қылмыстың түрі бір мемлекеттің шекарасымен шектелмейді, трансұлттық қылмысқа айналып барады. Соңғы үш айдың ішіде елімізде алаяқтыққа қатысты 33 мың қылмыс тіркелген. Ол жалпы қылмыс санының 34 пайызын құрайды. Одан кейінгі орындарға бұзақылық, ұрлық сынды басқа қылмыс түрлері жайғасқан. Ал 33 мың қылмыстың басым көпшілігі интернет арқылы жасалған қылмыстар. Мәселен, Шанхайда осындай қылмыстық істерді анықтауды жасанды интеллект атқарады. Ол 97 пайызға дәлме-дәл түседі. Бізде де сондай жұмыстар атқарылуы қажет. Сіздер болашақ әріптес ретінде жасанды интеллектімен тығыз жұмыс істеуді меңгерулеріңіз керек. Бұл өмірлік қажеттілік», – деді Ғалымжан Мәмбетұлы.
Сонымен қатар спикер елімізде жүргізіліп жатқан құқықтық реформаларға, соның ішінде сот-құқық жүйесін жетілдіру, құқық қорғау органдарын жаңғырту, цифрландыру үдерістеріне ерекше назар аударды. Бұл өзгерістердің барлығы құқықтық мемлекетті қалыптастырудың негізі болып табылатынын атап өтті.
Дәріс барысында студенттер халықаралық құқықтағы негізгі мәселелер мен миграциялық процестердің құқықтық реттелуі, сондай-ақ киберқауіпсіздік сынды тақырыптар бойынша сұрақтар қойып, өзара пікір алмасты. Бұл болашақ мамандардың кәсіби көзқарасын қалыптастыруда, құқықтық мәдениетін арттыруда және жаһандық мәселелерге құқықтық тұрғыдан қарау қабілетін дамытуда үлкен рөл атқарады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

