Аударма ісінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қостыFarabi University

Аударма ісінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты

21 сәуір, 2025

ҚазҰУ-да 52 жыл қызмет атқарған ұлағатты ұстаз, ағылшын тілінің білікті маманы, шебер аудармашы Мәрияш Қайдауылқызы, тірі болса, 75 жасқа келер еді. Бір жарқын тұлға, қадірлі ұстазымыз өмірден өтті. Бұл орны толмас қаза, жүрекке ауыр тиетін хабар. Ол өз ғұмырында сан мыңдаған шәкіртке білім мен тәрбие беріп, үлкен өмір жолына қанат қақтырған ардақты жан еді. Біз Мәрияш Қайдауылқызын тек білім беруші ұстаз ғана емес, адамгершіліктің, парасаттылықтың, ұлағат­ты­лықтың символы ретінде танимыз.

Иә, Қазақ ұлттық универ­си­те­тінің доценті Мәрияш Қай­дауыл­қызы нағыз аңыз адам. Ол білікті аудармашы ғана емес, сонымен қатар өз ісіне шын берілген педагог ретінде танылды. Шәкірттері мен әріп­тес­тері білім мен ғылым жо­лын­дағы оның шексіз еңбегі үшін жоғары бағалайды.

Мәрияш Мәкішева 1971 жылы Алматы педагогикалық шет тілдер институтын үздік та­мам­дап, сол жылдан бастап С.М.Киров атындағы ҚазМУ-да (қазіргі ҚазҰУ) еңбек жолын бастаған. Ол өзін шығарма­шы­лық­пен жұмыс істейтін педагог ретінде танытып, білім беру са­ла­сына айтарлықтай үлес қос­ты.

ҚР Білім және ғылым ми­нис­­трлігінің «Халық ағарту ісінің үздігі» атағын алды. ҚР Білім және ғылым минис­тр­лі­гінің Құрмет грамотасымен, уни­верситеттің құрмет грамо­та­ларымен, ЮНЕСКО-ның, «Не­вада-Семей» халықаралық қозғалысының алғыс хатта­ры­мен, ҚазҰӨУ-дің 75 және 80 жыл­дығына арналған төс­бел­гілермен марапатталды.

ҚазҰУ-да ұлттық аударма мек­тебін дамытуға қосқан елеу­лі үлесі, жастарды тәр­бие­леуге және кәсіби даярлауға қосқан жеке үлесі үшін, бел­сен­ді қоғамдық қызметіне орай, «Ерен еңбегі үшін» ме­далімен марапатталды. 2009 жылы университеттің 75 жыл­дық мерейтойы аясында білім мен ғылымның дамуына қосқан үлесі және қоғамдық жұмыс­тар­ға белсене қатысқаны үшін арнайы төсбелгі иесі атанды. Қазақ ұлттық университетінің киелі шаңырағында жарты ға­сыр­дан астам уақыт бойы ұстаздық етіп, бірнеше буын шәкірт тәрбиелеген, аударма ісінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан дара тұлға өзінің оқы­тушылық шеберлігін арт­тыру үшін аянбай еңбек етті. Ол ел ішінде де, шетелде де (ММУ (Ресей), Джорджтаун универ­си­теті (АҚШ), Оклахома мем­ле­кеттік университеттерінде (АҚШ) біліктілікті арттыру курс­тарынан сәтті өтті.

Мәрияш Қайдауылқызы ғы­лыми-әдістемелік қызметпен ай­налыса отырып, 50-ден астам ғылыми еңбек, ағылшын тілінен төрт оқулық шығарды: «ФМО сырттай оқитын сту­дент­терге арналған ағылшын тілі оқулығы»; «Ағылшын тілі, I бөлім»; «Ағылшын тілі, II бөлім»; «Reader for Students of International Relations Department» оқу құралдарын бү­гінде сту­дент­тер кеңінен пай­даланып ке­ле­ді. Мәрияш Қай­дауылқызы кә­сіп­­қой­лық­тың жоғары дең­гейі­не сай бол­ғандықтан, бір­неше рет ха­лықаралық фо­рум­дарға ау­­дар­­машы-синхронист ретінде қа­тысты. Соның ішінде ЮНЕСКО, ДСҰ, ДДҰ, XXVI олим­­пиада ойындарының се­ми­нар­лары мен конференциялары сияқ­ты ірі халықаралық іс-ша­ра­ларда аудармашы-син­хро­нис­тік қызмет атқарды. Ға­лым­ның ҚазҰУ-дың ресми бай­ланыстар желісі бойынша аударма ісін дамытуға қосқан үлесі зор. 1996 жылы Мәрияш Мәкішева ҚазҰУ профессор­лар тобымен бірге аудармашы-үйлестіруші ретінде Оклахома мемлекеттік университетіне ба­рып, ҚазҰУ өткізетін халық­ара­лық форумдардың жұ­мы­сына аудармашы ретінде қа­тысты.

Ұстаздық жол – ұлы жол. Мә­рияш Қайдауылқызының шә­кірт жүрегіне нұр құйған әр сaбaғы, терең білімі мен та­ғы­лымы біз үшін өшпес мұра. Ол тек ағылшын тілін үйретіп қана қоймай, жас ұрпақтың ой-өрі­сін кeңeйтіп, дүниетанымын те­рең­деткен ұстаз еді. Ау­дар­­ма­тану ғылымының да­муы­на ерекше еңбек сіңірген, ғиб­ратты ғұмырымен кейінгі ұр­пақ­қа үлгі болған ұстаз. Мә­рияш Қайдауылқызының та­­ғылымды ғұмыры мен еңбек жолы – ұрпаққа өнеге. Ол өз өмірін тек қана білім беру ісіне арнап қоймай, аударма сала­сы­ның қалыптасуы мен да­муы­на аянбай қызмет етті. Оның шәкірттері бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде, ғылым мен білімнің әр саласында жемісті еңбек етіп жүр. Ұстаздың әрбір дәрісі, әрбір айтқан сөзі тек білім көзі ғана емес, өмірлік бағыт-бағдар берер даналыққа то­лы еді. Саналы ғұмырын aдал eңбеккe aрнап, жaс ма­ман­дарды тәрбиелеп, aударма ісінде талай eңбектің өміргe келуіне үлес қосқан абзал жан­ның есімі әрдайым құрмeтпен атал­мақ. Оның еңбекқорлығы, aдамгeршілігі, шәкірттерінe дeген шынайы қaмқорлығы кeйінгі ұрпаққа үлгі.

Мәрияш Қайдауылқызының туғанына 75 жыл толуына орай, ҚазҰУ-дың халықаралық қаты­нас­тар факультеті Диплома­тия­лық аударма кафедрасының ұйымдастыруымен «Цифрлық дәуірде шетел тілдерін және аударма пәндерін оқытудың қазіргі заманауи әдістері» атты халықаралық ғылыми-тәжі­р­и­белік конференция ұйым­дас­ты­рылды. Жиын халықаралық қатынастар факультетінің де­ка­ны Ж.Сайрамбаеваның бас­шы­лығымен өтті. Оның жұ­мы­сын Дипломатиялық аударма кафедрасының меңгерушісі М.Мұрзағалиева жалғастырды. Басқосуға оқытушы-про­фес­сор­­лар М.Бүркітбаев, А.Мол­да­ғалиева және көптеген қыз­меттес болған жандар, шә­­­кірттері, сондай-ақ Түр­кия, Иор­дания, Жапония, Қы­тай, Франция елдерінен шет­ел­дік профессорлар қатысып, өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Цифрлық дәуірде шетел тілдерін оқыту мен аударма ісі жаңа әдістерді, техно­ло­гия­лар­ды және жаңашыл көз­қа­расты талап етеді. Осы са­ла­ның дамуына зор үлес қосқан тәжірибелі ұстаз, көрнекті ау­дармашы, әділдік пен кәсі­би­лікті басты қағида ретінде ұс­тан­ған Мәрияш Қай­дауыл­қызының еңбегі ерен еді. Ға­лым­ның 75 жылдығына ар­нал­ған еске алу конференциясында оның ғылыми-методикалық ең­бектері, адамгершілік қа­сиет­тері және білім саласына қос­қан баға жетпес үлесі ай­тылды.

Бүгінде еліміздің әр түкпі­рін­де қызмет етіп жүрген шә­кірт­тері Мәрияш Қайдауыл­қы­зының есімін үлкен құрметпен атап, ақылшы, үлгі тұтар тұлға ретінде де бағалайды.

 

Бауыржан ӘБДІРАХМАНОВ,

депутат:

– Мәрияш Қайдауылқызы біз­ге тек білім ғана емес, өмір сүру «өнерін» үйретті. Ол кі­сі­нің талапшылдығы, шынайы­лы­ғы, адалдығы маған үлкен са­бақ болды. Мен бүгін елдің сая­си өмі­­ріне белсене ара­ла­сып жүр­­­сем, ол – ұстазымның берген бағыт-бағдарының ар­қа­сы. Ол кісінің «Адал еңбек ет, шындықтың жағында бол» де­ген сөзі әлі күнге дейін мен үшін өмірлік ұстаным.

 

Мұхамбетқали БҮРКІТБАЕВ,

профессор:

– Мәрияш Қайдауылқызы өте мейірімді, бірақ талапшыл жан еді. Әрбір шәкіртінің қабі­ле­тін бағалап, олардың да­муына барын салды. Әрдайым жаңашылдыққа ұмтылып, үз­діксіз ізденісте жүрді. Ұс­та­зы­мыздың аудармалары көр­кем­дік пен дәлдіктің, мағыналық тереңдік пен тіл шеберлігінің айқын үлгісі еді. Оның артында қалдырған жарқын ізі ешқашан өшпейді. Ұстаздың тәлімін көр­ген шәкірттері мен әріптестері оны әрдайым сағынышпен, құр­метпен еске алады.

Кәрімжан ШӘКІРОВ,

заң ғылымының докторы, профессор:

– Бүгін біз шет тілінің ма­ма­ны, асыл ұстаз Мәрияш Қай­­дауыл­қызын құрметпен еске аламыз. Ол өмірінің көп бөлігін білімге, шәкірт тәр­бие­сіне ар­нап, саналы ұрпақ қа­лып­тас­ты­ру жолында аян­бай еңбек етті. Білімі мен білігі жоғары, әр­да­йым ізденісте жүретін ұлағатты ұстаз бо­ла­тын. Оның дәрістері тек тілді үй­ретіп қана қоймай, шә­кірттерінің өмірге деген көз­қарасын кеңейтіп, оларға ша­быт беретін. Ол шәкірттерін әр­қашан қолдап, олардың бо­лашағына сеніммен қарады.

 

Фатима КУКЕЕВА,

тарих ғылымының докторы, профессор:

– Ұстазымыздың есімі ал­тын әріптермен жазылардай тұл­ға еді. Оның өмірі бізге өне­ге. Ол кісінің берген білімін, үй­рет­кен қағидаларын өмірімізде қол­данып келеміз. Оның мейі­рім­­ділігі, даналығы, еңбек­қор­лығы мен ұстанымы көпшіліктің жүрегінде мәңгі сақталады. Ол тек білім беріп қоймай, адам­гер­шіліктің, жауапкершіліктің және жан-жақтылықтың үлгісі бола білді.

 

Асқар НҰРАЛИЕВ,

елші:

– Дипломатия – үлкен жа­уап­кершілік пен терең білімді қажет ететін сала. Осы жолда менің ең алғашқы тәлімгерім – Мәрияш Қайдауылқызы. Ол кісі бізге өз ойымызды ашық жет­кізуді, әр нәрсенің байы­бына барып шешім қа­был­дауды үй­ретті. Оның берген білімі мен өмірлік ақылдары әр кездесуде маған жол көр­сетіп тұрады.

Ұстаздың есімі әр шәкіртінің жүрегінде мәңгі сақ­талады. Оның еңбегін елеп, атын құрметтеп, есте­лік­терін ұмытпау – біздің парызымыз. Ол кісі өмір­ден өт­кенімен, оның қалдырған ізі, білімге, ізгілікке толы мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек.

 

Гүлнар МҰХАМЕТҚАЛИЕВА, Әйгерім Смағұлова,

ф.ғ.к., Дипломатиялық аударма кафедрасы