- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Шаттық шеруі» Әл - Фараби атындағы ҚазҰУ және Алматы Велотрегі балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін қуаныш шеруін ұйымдастырды
«Шаттық шеруі» Әл - Фараби атындағы ҚазҰУ және Алматы Велотрегі балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін қуаныш шеруін ұйымдастырды

2025 жылғы 19 сәуірде Алматы қаласында «Шаттық шеруі» атты жарқын әлеуметтік-спорттық іс-шара өтті. Бұл бастама салауатты өмір салтын насихаттауға және балаларды қолдауға бағытталған. Іс-шараны ұйымдастырушылар – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (Экономика және бизнес жоғары мектебі, «Қаржы және есеп» кафедрасы) және Алматы қаласының Велотрек велодромы.
Шараға Алматы қаласындағы №1 балалар үйінің 50 тәрбиеленушісі қатысты. Іс-шараны ұйымдастыру мен өткізуге Алматы қаласы әкімдігі жанындағы Креативті технологиялар орталығы, Banoome.exclusive, Kalan.kz және Dodo Pizza компаниялары, танымал блогер Жан Избасаров, жас әнші әрі блогер Нурбану Алмазқызы және ивент-блогер Әділет белсене атсалысты. Бағдарламада Велотрек ұйымдастырған веложарыс, студенттер, «Қаржы және есеп» кафедрасының оқытушылары мен шақырылған блогерлердің қатысуымен өткен концерт, флешмоб, ойындар және ашық аспан астындағы пикник болды. Спорттық және шығармашылық байқаулардың барлық жеңімпаздары естелік сыйлықтармен марапатталды.
Іс-шараның ерекшелігі – балалар үйінің тәрбиеленушілерінің белсенді қатысуы болды. Балалар ән айтып, би билеп, шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, шынайы эмоцияларымен бөлісті. Күн бойы қолдау, достық және шаттық атмосферасы үстем болды.
«Шаттық шеруін» ұйымдастыруда «Қаржы және есеп» кафедрасының оқытушылары, сондай-ақ бакалавриат пен магистратура студенттері үлкен рөл атқарды. Олар балаларға серік болып, ойындар өткізіп, мерекелік көңіл-күй қалыптастыруға атсалысты.
Жобаның жауапты үйлестірушілері, Сырлыбаева Назгүл – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Қаржы және есеп» кафедрасының меңгеруші орынбасары, Досжан Райгүл – ҚазҰУ Экономикалық зерттеулер орталығының директоры.
Іс-шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) №3 – «Салауатты өмір салты және аман-саулық» бағыты аясында өткізілді. Басты мақсат – жас ұрпаққа салауатты өмір салтының құндылықтарын дарыту, әлеуметтік бірлікті нығайту және университет қоғамдастығын игі бастамаларға тарту.
Ұйымдастырушылар шараны дайындауға атсалысқан барлық серіктестер мен еріктілерге алғыс білдіріп, мұндай іс-шаралар жастар арасында мейірімділік мәдениетін қалыптастыратынын, әлеуметтік жауапкершілікті арттырып, қоғам игілігі үшін нақты әрекеттер жасауға шабыт беретінін атап өтті.
Басқа жаңалықтар

