- Басты бет
- Жаңалықтар
- Қытайтану кафедрасының оқытушылары мен студенттері Нобель сыйлығының лауреаты Мо Яньмен кездесті
Қытайтану кафедрасының оқытушылары мен студенттері Нобель сыйлығының лауреаты Мо Яньмен кездесті

2025 жылдың 23 сәуірінде Республикалық Ұлттық кітапханада Шығыстану факультетінің Қытайтану кафедрасының оқытушылары, магистранттары және докторанттары Нобель сыйлығының иегері, әлемге әйгілі қытай жазушысы Мо Яньмен кездесті. Бұл мәдени шара университет өміріндегі маңызды оқиға болып, студенттер мен оқытушыларға қазіргі қытай әдебиетінің ең ықпалды өкілдерінің бірімен тікелей тілдесуге мүмкіндік берді.
Кездесуді Ұлттық кітапхана ұйымдастырды. Бұл мекеме – мәдениеттер диалогының алаңы мен зияткерлік пікір алмасудың орны ретінде дәстүрге айналған орын. Кітапхана мен Шығыстану факультетінің Қытайтану кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамының қолдауымен студенттер мен зерттеушілер жазушының өмір жолы, әдеби көзқарасы және шығармашылық тәсілдері туралы өз аузынан тыңдау мүмкіндігіне ие болды.
Мо Янь — шығармаларында сиқырлы реализм, тарихи контекст және халықтық фольклор элементтері шебер тоғысқан, бүкіл әлемге танымал қаламгер. Ол кездесуде жазушы ретінде қалыптасу тарихымен бөлісіп, Шаньдун өлкесіндегі ауыл баласынан әлемге танылған жазушыға айналған жолын баяндады. Сондай-ақ, оған әсер еткен Лу Синь мен У Шуньчжи секілді классиктерді атап өтті. Жазушы дәстүрлерге адал бола отырып, әр адамға жақын қазіргі тақырыптарды қозғауға ұмтылатынын айтты.
Кездесуде оның шығармаларының көркемдік ерекшеліктеріне ерекше назар аударылды. Қытайтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры Фатимабиби Ноғайқызы Дәулет, «Аударма ісі» мамандығы бойынша білім алатын магистранттар мен докторанттардың кездесуге қатысуына ұйытқы болды. Ол Мо Яньге фэнтези, сатира және халық ертегісінің элементтерін қалай біріктіріп, көпқабатты баяндау құрылымын саналы түрде қалай қалыптастыратыны туралы сұрақ қойды.
Мо Янь өз кезегінде тек оқиғаны баяндау емес, оқырманды сол оқиғалардың қатысушысы ретінде сезіндіру маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, фольклорлық элементтер тек безендіру емес, терең мағынаны береді. Олар оқырманды халықтың дүниетанымына терең бойлатуға, тамырмен байланысты сақтауға және өткен арқылы бүгінгі күнді түсінуге мүмкіндік береді. «Мен уақытты — өткенді, бүгін мен болашақты — байланыстыру үшін жазамын, және адамға өзін тануға көмектескім келеді», — деді жазушы.
Кездесудің маңызды сәттерінің бірі – Фатимабиби Ноғайқызының Қытайдан келген студенттерге арнаған жазушының ақыл-кеңесі туралы сұрағы болды. Жазушы өзінің жауабында мәдени диалогтың маңызын атап өтіп, студенттерге Қазақстанның рухани мәдениетін терең үйрену арқылы ішкі дүниелерін байытуға шақырды. «Басқа мәдениетті тану – оның тарихы мен әдебиетіне, дәстүрлеріне құрметпен қараудан басталады. Шетелде оқып жүргенде сіздер тек жаңа білім алып қана қоймай, өз еліңізді де танытасыз. Мәдениеттер арасында көпір болуға үйреніңіздер», — деді ол.
Сондай-ақ, жазушы болашақ аудармашылар үшін тілдік шеберліктің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, жақсы аударма – жай мәтінді бір тілден екінші тілге аудару емес, мәдени кодтар мен контекстерді, жасырын мағыналарды терең түсіну. Мо Янь студенттерге тек білім тасымалдаушы емес, зерттеуші, түсіндіруші және жаңа мәдени кеңістіктің жасаушысы болуға тілек білдірді.
Кездесуге қатысушылар тек жаңа білім алып қана қоймай, шабыттанғандарын да атап өтті. Бұл шара студенттердің кәсіби құзыреттілігін ғана емес, мәдени сауаттылығын арттыру жолындағы маңызды қадам болды.
Басқа жаңалықтар


