Қазақстанда лингвист-мамандар даярлаудың жаңа кезеңі: лингвосараптамалық білім

Бүгінгі күні еңбек нарығындағы сұранысқа сәйкес бәсекеге қабілетті маман даярлау жоғары оқу орындарының басты ұстанымына айналып отыр. Осы тұрғыда 2025 жылдың 14 сәуірінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Түркітану және тіл теориясы кафедрасы онлайн және офлайн форматта ұйымдастырған «Қазақстандық заманауи білім беру кеңістігіндегі лингвистикалық сараптама мамандығы: өзекті мәселелері және келешек бағдары» атты республикалық дөңгелек үстел маңызды мәселенің үдесінен шықты.
Іс-шараны ұйымдастырушылар қатарында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірге ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институты мен ҚР Әділет министрлігі Сот сараптамалары орталығының Оңтүстік-Шығыс аймағы бойынша филиалы да бар.
Дөңгелек үстел Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру» бағдарламасы бойынша орындалатын ЖТН № AP19677520 «Қазақтілді масс-медиадағы конфликтогенді мәтіндер: тілдік құқықбұзушылықтың сот-лингвистикалық параметрлері» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты - қазіргі еңбек нарығы мен білім саласын үйлестіру жағдайында стейкхолдер және жұмыс беруші тұлғалар ұсыныстары мен пікірлерін ескере отырып, “7M02325 - Филологиялық сараптама” білім беру бағдарламасының тиімділігін бағалау және болашақ мамандарға нақты дағдылар мен біліктілікті игертуді оңтайландыру міндеттерін шешу. Cонымен қатар ғылым мен қоғам дамуының қазіргі өзгерістеріне байланысты “7M02325 - Филологиялық сараптама” білім беру бағдарламасы мазмұнын жаңарту, пәндерді оқытуда компьютерлік бағдарламалар мен жасанды интеллектті қолдану мүмкіндіктері бойынша пікір алмасуға бағытталған.
Дөңгелек үстел Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түркітану және тіл теориясы кафедрасының меңгерушісі ф.ғ.д., профессор Авакова Раушан Амирдиновнаның кіріспе сөзінен басталып, “7M02325 - Филологиялық сараптама” білім беру бағдарламасына мүдделі заңды тұлғалар өкілдерінің баяндамаларымен жалғасын тапты. Атап айтқанда, стейкхолдерлер - ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институты Лингвистика орталығының басшысы з.ғ.к., қауымдаст.проф. Сыздық Болат Кенелұлы “Лингвист сарапшының мамандық кеңістігі туралы бірер сөз”, Тұран-Астана университеті Ұлттық және халықаралық құқық кафедрасының доценті, з.ғ.к. Примашев Нұрзада Маханбетұлы “Заң жобаларының ғылыми лингвистикалық сараптамалық әлеуеті”, PhD докторы, "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығы” РМҚК филиалы Оңтүстік-Шығыс аймағы бойынша өңіраралық Сот сараптамалары орталығы Психология-филологиялық сараптама секторының жетекшісі / бас сарапшы Зиядам Абдулжанова “Сот психология-филологиялық сараптама үдерісіндегі лингвист-маман құзыреттілігі” тақырыптарында баяндама жасап, “7M02325 - Филологиялық сараптама” білім беру бағдарламасы мазмұнында ескерілуі тиіс мәселелерді атап өтті.
Дөңгелек үстелге қатысушылар аталмыш білім беру бағдарламасы мазмұнына тікелей қатысты мәселелерді “Қазіргі қазақстандық еңбек нарығындағы “7M02325 - Филологиялық сараптама” білім беру бағдарламасының маңыздылығы” (филол.ғ.к., доцент А.Қ. Таусоғарова), “Қазақстан Республикасында сот лингвистикалық сараптама жасау ерекшеліктері” (з.ғ.к., асс.проф. Г.Б. Мұқалдиева), “Лингвистикалық сараптама БББ және компьютерлік бағдарламалар мен жасанды интеллект” (филол.ғ.к., асс.проф. С.Б. Бектемірова), “Фонограмма мәтіндерінің лингвистикалық сараптамасында компьютерлік бағдарламаларды қолдану” (PhD доктор Р.Ж. Қоныдбаева), “Әлеуметтік желілерде таратылатын жалған ақпараттардың лингвистикалық сараптамасы мәселелері” (PhD доктор, асс.проф. Қ.С. Алдашева), “Кибербуллинг және буллинг үдерісіндегі сөйлеу актілерінің лингвистикалық сараптамасы” (“8D023-Лингвистика” мамандығының 3 курс PhD докторанты А. Дәулет) т.б. баяндамалар негізінде талқылады.
Қорыта келгенде, республикалық дөңгелек үстел жұмысы “7M02325 - Филологиялық сараптама” білім беру бағдарламасының тиімді жүзеге асуындағы маңызды мәселелер бойынша оңтайлы тұжырымдар жасауға зор үлес қосты.
Республикалық деңгейде өткен дөңгелек үстел туралы “Алатау ақпараты” телеарнасында хабар берілді https://www.youtube.com/watch?v=uqpu6rDQbr0
Басқа жаңалықтар


