Түркі әлемінің географтары ғылыми әлеуетін біріктіруде

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да түркі әлемі географтарының II халықаралық конгресі басталды. Іс-шараның мақсаты – тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу және жаһандық экологиялық проблемаларды шешу үшін тәжірибе және идеялармен алмасу.
Конгреске Түркия, Қырғызстан, Әзірбайжан, Түрікменстан және Өзбекстаннан 200-ден астам ғалым мен білікті мамандар, сарапшы-экологтар, оқытушылар және студенттер қатысты.
Конгресс жұмысын ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық жұмыс жөніндегі проректорының міндетін атқарушы Марғұлан Ибраимов құттықтау сөзімен ашты. «Жаһандық сын-қатерлер күш біріктіру мен жаңа инновациялық шешімдерді талап ететін бүгінгі кезеңде біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастық ерекше маңызға ие. Жетекші ғалымдарды, сарапшылар мен практиктерді біріктіретін конгресс елдеріміздің тұрақты дамуына және мәдени байланыстарымызды нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар жаңа идеялар мен ортақ жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді», – деді Марғұлан Ибраимов. Өз сөзінде проректор м.а. М.Ибраимов ҚазҰУ-дың жасыл технологиялар мен жаңартылатын энергия көздерін дамыту, білім мен ғылымдағы жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар, түркі халықтарының мәдени мұрасын сақтауға және насихаттауға бағытталған гуманитарлық ғылымдар саласындағы зерттеу қызметінің басым бағыттарын атап өтті.
Сонымен қатар іс-шара отырысында Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қаржы және халықаралық қатынастар жөніндегі вице-ректоры Мұстафа Гиритлиоглу, Қырғыз географиялық қоғамының президенті, ҚР ҰҒА М.Адышев атындағы Геологиялық институтының профессоры Саламат Аламанов т.б. ғалымдар баяндама жасады.
Шарада сонымен бірге PhD, Османғазы университетінің профессоры Eyüp Artvinli (Түркия), вице-ректор Мұстафа Гиритлиоглу, профессор Саламат Аламанов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Ақтымбаева, ҚазҰУ-дың География, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының профессоры Мәулкен Асқарова, Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің ректоры Догдурбек Чонтоев, Баку мемлекеттік университетінің профессоры Шыңғыс Исмайлов (Әзірбайжан Республикасы) және басқалар баяндама жасады. Олар өз сөздерінде географиялық білім мен экологиядан бастап, түркі әлемінің геосаяси және мәдени аспектілеріне дейінгі көптеген тақырыптарды қарастырды. Сондай-ақ басқа елдер ғалымдарының бейнежазбалары көрсетілді.
Конгресс барысында ғалымдар география, экология және тұрақты даму саласындағы негізгі мәселелерді талқылады. Қатысушылар климаттың өзгеруі, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және өңірлік интеграция мәселелеріне назар аударды. Пленарлық отырыстардан кейін қатысушылар тақырыптық секциялар бойынша жұмыстарын жалғастырды. Онда Еуразияда түркітілдес мемлекеттердің қалыптасуының тарихи аспектілері, халықаралық туризм, су ресурстарын басқару және табиғи апаттардың алдын алу, Түркі әлемінің тарихи-мәдени мұрасын сақтау және т.б. мәселелер талқыланды.
Конгресті ұйымдастыруға Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университеті (Қырғызстан), «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ, Османғазы Эскишехир университеті (Түркия) атсалысты.
Қатысушылардың айтуынша, түркі әлемі географтарының II конгресі тұрақты даму және қоршаған ортаны қорғау бойынша бірлескен шешімдерді әзірлеу алаңына айналды. Конгресс жұмысы екі күнге созылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

