Мәдениет мәселесі. Әдебиет және экранизация

Мәдениеттің ең негізгі құралы — әдебиет, өйткені ол қоғамның рухани өмірін, құндылықтарын, тарихын және әлеуметтік құрылымын көрсететін айна сияқты қызмет атқарады. 2025 жылдың 15 сәуірінде «Әдебиеттану» мамандығының 1-курс студенттерімен өткен ашық сабақ бұл сөздің бағасын одан әрі асыруға мүмкіндік берді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультеті қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының аға оқытушылары, ф.ғ.к.Р.С. Имаханбет және филология ғылымдарының докторы, аға оқытушы Г.Ж. Болатованың жетекшілігімен ұйымдастырылған бұл шарада «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 1-курс магистранты Әбілда Бекзат «Мәдениет мәселесі. Әдебиет және экранизация» тақырыбында ашық сабақ өткізді.
Сабақ барысында студенттер көркем шығарманың тереңіне бойлап, әдеби кейіпкерлер әлеміне еніп, олардың мінез-құлқы мен тағдырларын талдай отырып, көркемдік ерекшеліктерін жан-жақты зерттеуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар әдебиет пен оның экрандық үлгілер арасындағы байланыстар, яғни көркем мәтіндердің экранизациялануы мәдениет пен әдебиеттің өзара ықпалдасуындағы маңызды мәселе ретінде талқыланды. Бұл сабақ студенттердің тек әдеби мәтінді түсініп қана қоймай, оны көркемдік және мәдени тұрғыда жаңаша қабылдауына жол ашты.
Сабақтың алғашқы минуттарынан бастап аудиторияда шығармашылыққа және мәдениет мәселелерін талқылауға бағытталған орта қалыптасты. Студенттер қағаз қиындыларындағы фильм атаулары мен әдеби шығармалардан үзінділерді сәйкестендіру арқылы топтарға бөлініп, бірлесе жұмыс істеудің алғашқы қадамын жасады. Бұл әдіс оларды ынтымақтаса ойлауға, өзара пікір алмасуға және сындарлы диалог орнатуға жетеледі.
Сабақ барысында екі топқа бөлінген қатысушылар әдеби шығармалардың экрандалуындағы мәдени ерекшеліктерді әртүрлі қырынан талдады. Бірінші топ көркем әдебиеттен экранизацияланған туындылардағы кейіпкерлер бейнесінің өзгеруін және негізгі мен қосалқы рөлдердің берілу тәсілдерін саралады. Ал екінші топ экранизация кезіндегі көркемдік әдістерді (визуализация, диалог, кадр арқылы мінездеу) тереңірек қарастырды. Әр топ өз шығармашылық қабілеттерін көрсете отырып, постерлер мен презентациялар әзірлеп, ортада өз жобаларын қорғады.
Сабақтың келесі кезеңінде студенттерге "Кадрдағы кейіпкер" әдісі ұсынылды. Бұл әдіс бойынша әр топ белгілі бір әдеби шығарманың экранизацияланған нұсқасынан үзінді таңдап алды. Үзіндіден көрініп тұрған кейіпкердің мінезін, ішкі жан дүниесін және режиссер қолданған көркемдік тәсілдерді (жарық, түс, музыка, ракурс) талдады. Әдеби нұсқадағы кейіпкер бейнесі мен экрандағы бейнесін салыстыра отырып, қандай айырмашылықтар мен ұқсастықтар барын анықтады. Бұл тапсырма студенттердің әдеби мәтін мен кино тілін қатар түсінуіне және салыстыра талдау қабілеттерін дамытуға бағытталды.
Сабақ соңында студенттер өз әсерлерімен бөлісіп, әдебиет пен кино өнерінің мәдениеттегі орны, олардың бір-бірін толықтырудағы маңызы туралы пікір алмасты. Олардың көпшілігі әдеби шығарманы оқығаннан кейін оның экрандық нұсқасын көру түсінікті тереңдететінін атап өтті.
Шығармашылық, сыни ойлау және топпен жұмыс жасауға негізделген бұл сабақ студенттердің мәдениет мәселесіне қатысты көзқарасын кеңейтіп, әдебиет пен экранизацияны сабақтастыра талдау дағдыларын жетілдірді.
Басқа жаңалықтар


