- Басты бет
- Инклюзивті орта
- ТДМ-10: «Инклюзивті орта: теория, практика, даму тенденциялары» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция
ТДМ-10: «Инклюзивті орта: теория, практика, даму тенденциялары» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі «Инклюзивті орта» ғылыми-практикалық орталығының қатысуымен Тараз атындағы Дулати университетінің қабырғасында «Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультеті «Арнайы және әлеуметтік педагогика», «Педагогикалық психология» кафедраларының бірлесіп ұйымдастыруымен «Инклюзивті орта: теория, практика, даму тенденциялары» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция офлайн форматта Тараз өңірлік университетінің базасында өткізіліп, сонымен қатар Zoom платформасы арқылы онлайн режимде де ұйымдастырылды. Бұл формат қатысушылардың географиялық шектеулеріне қарамастан кең ауқымды қамтуға, әр өңірден және жоғары оқу орындарынан мамандар мен ғалымдардың белсенді қатысуына мүмкіндік берді. Аралас формат ғылыми пікір алмасудың қолжетімділігін арттырып, инклюзивті білім беру саласындағы өзекті мәселелерді көп тарапты талқылауға жол ашты.
Конференцияның мақсаты – білім беру ұйымдарында кедергісіз кеңістікті дамыту арқылы инклюзивті мәдениетті арттыру және педагогтардың кәсіби құзыреттілігін жетілдіру мәселелерін талқылау. Сонымен қатар, сала мамандарының нәтижеге бағдарланған тәжірибелерін насихаттау.
Жиынды Басқарма мүшесі-академиялық мәселелер бойынша проректор Ләззат Еркінбаева құттықтау сөзбен ашып, инклюзивті білім беру – тек білім саласының ғана емес, барша қоғамның дамуына ықпал ететін маңызды бағыт екенін жеткізді. Инклюзивті орта – бұл барлығына ашық, әр адамның ерекшелігіне құрметпен қарайтын, бір-біріне қолдау көрсететін орта. Жас буынның теориялық білім мен практикалық тәжірибені ұштастырып, үздік тәжірибелерді игеру– басты мақсаттардың бірі екенін сөз етті.
Конференция барысында қатысушылар логопедиялық шеберлік сабақтарына, психологиялық тренингтер мен көрмелерге қатысып, білім беру мекемелеріндегі инклюзивті тәжірибемен танысты. Барша қатысушылар арнайы марапаттарға ие болды. Сонымен қатар, «Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультеті жанынан Инклюзивті білім беру орталығы салтанатты түрде ашылды.
Орталықтың ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары білімді дамыту ұлттық орталығының маманы Қарлығаш Жолдасова және Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Есімова лентаны қиды.
Шолпан Алтынбекқызы мен Қарлығаш Жолдасова құттықтау сөз алып, жылы лебіздерін жеткізді. Инклюзивті білім беру – тек педагогикалық емес, жалпы адами құндылықтарға негізделген тұтас көзқарас екенін сөз етті. Ашылып отырған орталық – осы құндылықтардың нақты көрінісі әрі бірлесе дамуға, тәжірибе бөлісуге, мамандарды қолдауға арналған ашық платформа екенін жеткізді. Сонымен қатар, орталық инклюзия қағидаттарын білім беру жүйесіне тереңінен енгізу арқылы баршаға тең мүмкіндік беруге арналған нақты қадамдардың бірі екенін тілге тиек етті.
Басқа жаңалықтар
