Ұлт тағдыры - ұрпақ тәрбиесінде

9 ақпан, 2016

«Тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың қас жауы»

Әл-Фараби

«Ұлт тағдыры – ұрпақ тәрбиесінде» атты тағылымы мол кездесу Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жазушы, педагогика ғылымдарының докторы, медицина ғылымдарының кандидаты Совет-Хан Ғаббасовпен өтті.

Кездесу барысында қарт ұстаз бала тәрбиесі жөнінде жастармен ой бөлісті. Ал іс-шараға белсенді атсалысқан студенттер, соның ішінде филология факультетінің 2-курс магистранты Салтанат Мінайхан Совет-Хан Ғаббасовқа арнаған арнау өлеңін оқыды.

Кезінде хирург болып қызмет еткен Совет-Хан Ғаббасов: «Адам тәнінің саулығы жан тазалығымен өлшенеді. Ал жан тазалығы ана құрсағында берілетін тәрбиенің жемісі», - дейді. Ол «Адам тәрбиесінің жаңа ілімін» халық педагогикасымен байланыстырып, оны негізгі жеті кезеңге бөліп қарастырады. «Тәрбие тал бесіктен» дейді дана халқымыз. Бала дүниеге шыр етіп келген сәттен жеті сатыға бөлінген тәрбиенің маңызы баланың барлық саналы ғұмырына әсер етпек.

  1. «Отбасын құруға дайындық және ұрық тазалығы»
  2. «Ана құрсағындағы тәрбие»
  3. «Нәресте кезеңі»
  4. «Балбөбек кезеңі»
  5. «Сәбилік кезең»
  6. «Балиғат кезеңі»
  7. «Кәмілеттік кезең»

Әр кезеңнің өзіне тән ерекшеліктері бар. Мәселен, нәресте кезең өз ішінде 3, 7, 9, 40 күндік және 3, 9 айлық тәрбие беру болып бөлінеді. «Нәресте дүниеге келген алғашқы үш күнде балаға тәрбие ана уызы арқылы беріледі. Тек бүгінде жас аналарда уыз түгілі сүтте жоқ, себебі қазір жастарда сезім жоқ, – дейді дәрігер-ғалым, – Біз ең алдымен халықтық этнопедагогиканы, ұлттық тәрбиені жолға қоюымыз керек. Қазақтың ертеде айтқан бір ауыз сөзін бүгінде кітап етіп жазып, ғылыми атақ алып жүрген ғалым сымақтар бар. Жай ғана мысал, «он сегіз мың ғаламды бір тарының қауызына сыйдырған» дейді. Бұл ананың құрсағына түскен бір дән – клетка. Ол он сегіз мың ғаламның барлық сатысын басып өтеді. Соны қазақ ерте заманнан-ақ білген».

Ықылым заманнан бері белгілі дүниені жоғалтып алмай, керісінше уақыт талабына сай қолданысқа енгізсек, «Мәңгілік елге» бет алған, бағыты айқын жастарды тәрбиелеуге септігін тигізері анық.

Кездесу соңында «Қан жүрісі – жүрек тынысы», «Дәрігер келгенге дейінгі көмек», «Қатерлі ісіктің алдын алуға бола ма?» атты қазақ тілінде жарық көрген кітаптар мен 55-тен аса ғылыми мақаланың авторы Совет-Хан Ғаббасов саналы ұрпақ тәрбиелеуде жастардың орны ерекше екенін айтып, әл-Фараби кітапханасына өзінің кітаптарын сыйға тартты. Кездесуге философия ғылымдарының докторы Тұрсын Хафизұлы, психология ғылымдарының докторы Құбығұл Жарықбаев, биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасының меңгерушісі Әшімхан Қанаев пен әл-Фараби атындағы кітапхана директоры Калима Туенбаева қатысты.

ҚазҰУ, Баспасөз қызметі