ҚазҰУ-да ғылым апталығы өтудеFarabi University

ҚазҰУ-да ғылым апталығы өтуде

5 мамыр, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Халықаралық медбикелер күніне арналған «Ғылым, қамқорлық және кәсібилік: болашаққа көзқарас» атты ғылым апталығы басталды. 

Аталған шара «Денсаулық сақтаудың жаһандық курсы» тақырыбындағы семинар-тренингтен бастау алды. Жиынға денсаулық сақтау және қоғамдық денсаулық сақтау саласының мамандары, Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының мүшелері, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Астана медицина университеті және Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының оқытушы-профессорлар құрамы мен Қытайдан келген шетелдік «Медбике ісі» білім беру бағдарламасының магистранттары қатысты.

Шараны Өмір туралы ғылымдар орталығының, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының директоры, медицина ғылымының докторы, профессор Марлен Есіркепов ашып, ғылымды дамыту үшін халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. «Өрлеу бір орында тұрмайды, технологияның дамуы мен зерттеу әдіснамасы, биостатистика да алға жылжыды. Жасанды интеллект бүгінде дәлелді медицина және денсаулық сақтау саласына да енуде.  Осы ретте аталған семинардың мақсаты – халықаралық ынтымақтастықты нығайту және денсаулық сақтау саласындағы соңғы жетістіктер, озық технологиялар және білім тәжірибемен алмасу. Барша қатысушыларға жемісті, шығармашылық жұмыс тілеймін», – деді профессор.

Семинар барысында қатысушылар белгілі шетелдік ғалымдар мен дәріскерлерден құнды білім мен қажетті дағдыларды меңгеруге мүмкіндік алады. «Денсаулық сақтаудың жаһандық курсы» аясында  Тромсо университетінің (Норвегияның Арктика университеті) профессоры Эрика Анда, медицина ғылымының докторы, гигиенист, EuroNet MRPH бұрынғы президенті Дэвид Пьер Каст, HelPed сандық серіктесі, UiT жасанды интеллект командасының жетекшісі Марк Лукич, Қоғамдық медицина және эпидемиология кафедрасының доценті,  Жүйелік эпидемиология зерттеу тобының жетекшісі Кристин Бенджамин Борха сынды шетелдік ғалымдар дәріс оқиды.

Ғылыми апталықтың бағдарламасында сонымен қатар «Жаһандық қайырымдылық миссиясы: өзгермелі әлемдегі медбике ісі» тақырыбында халықаралық конференция өтеді. Онда жаһандық денсаулық сақтау саласындағы жетекші мамандар мен ғалымдар, әлемнің әртүрлі елдерінің сарапшылары баяндама жасайды.

Іс-шараны ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың медицина және денсаулық сақтау факультеті, UiT the Arctic University of Norway, ҚР ДСМ Ғылыми-ұйымдастыру әдістемелік орталығының (РУМС) Мейіргерлік іс жөніндегі мемлекеттік ұйымы бірлесіп ұйымдастырды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі