Әл-Фараби идеялары - Өркениеттер Альянсының тұғыры (Әл-Фараби – өркениет философы)

10 ақпан, 2016

2016 жылдың 25-27 сәуір күндері Әзірбайжан астанасы Баку қаласында Біріккен Ұлттар ұйымы Өркениеттер Альянсының (UNAOC) VII ғаламдық форумы өтеді. Жақында Стамбұлда осы ғаламдық форум аясында түркі әлемінің ұлы ойшылы әл-Фараби мұрасының насихатталуы туралы ұсыныстарды талқылау мақсатында БҰҰ Өркениеттер Альянсы Үйлестіру комитеті жұмыс тобының жиналысы өтті. Осы жиынға БҰҰ Өркениеттер Альянсы Үйлестіру комитетінің төрағасы профессор Бекір Қарлығаның шақыруымен Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры, академик Ғ.М.Мұтанов бастаған делегация қатысты.

Өркениеттер Альянсы бастамасы 2004 жылы БҰҰ-ның 59-бас ассамблеясында әлемнің 127 мемлекеті тарапынан қолдау тауып қабылданған дүниежүзі өркениеттер арасындағы жаһандық қақтығысқа қарсы құрылған жоба. Ха­лықаралық қоғамдастықтың ық­палы негізінде Батыс – Мұ­сыл­ман әлемі арасындағы бөлі­ну­шіліктің тереңдеуіне қарсы тұ­руды, діни қарама-қайшы­лық­тар­ды еңсеруді, өркениеттерді жа­қындастыруға жаһандық шеңбер­де күш салуды көздейтін БҰҰ Өрке­ниет­тер Альянсының (UNAOC) ғаламдық форумы әлемдік мәдениет алаңындағы маңызды сұхбат орталығы ретінде қалыптасқан.

Шығыс пен Батыстың ғылымы мен мәдениетін табыстыруда зор рөл атқарған ұлы жерлесіміз Әбу Насыр әл-Фарабидің қайшылықсыз қоғам туралы идеялары, зерделі ғылыми мұралары бүгінгі таңда да өзінің өзектілігін жоймай, керісінше Өркениеттер Альянсы бастамасы секілді қазіргі заманғы дүниежүзілік деңгейдегі адамзатты бірлікке бастаушы идеялармен үндестік тауып, күннен күнге жаһандық сұранысқа ие болуда. Ал тұрақты даму бойынша БҰҰ-ның хабы болып табылатын, әлемдегі Әбу Нәсір Әл-Фарабидің есімі берілген жалғыз жоғарғы оқу орны ретінде Қазақ Ұлттық университетінің де басты мақсаттарының бірі оның баға жетпес мұрасын кеңінен насихаттау және ғалым өсиетіне сай шексіз кемелділікке ұмтылу.

Осы мақсатты көздеген университет делегациясы БҰҰ Өркениеттер Альянсы Үйлестіру комитетінің төрағасымен және Өркениеттер Альянсы ғылыми-зерттеу институтымен өткізген келіссөздер нәтижесінде аса маңызды бірнеше келісімге қол жеткізді.

Түсірілімі жүріп жатқан Түркі әлемін зерттеу қоғамы мен Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің бірлескен жобасы «әл-Фараби-Өркениет философы» атты деректі фильм сәуір айының басына дейін аяқталып, БҰҰ Өркениеттер Альянсының (UNAOC) VII ғаламдық форумында тұсаукесері өтетін болды. Форумнан соң бұл фильмді Альянсқа мүше мемлекеттердің ұлттық телеарналарынан көрсету қолға алынбақ.

ҚазҰУ-ның ТҮРКСОЙ кафедрасы және әл-Фараби орталығы қазақ тіліне аударып, «Қазақ университеті» баспасынан жарыққа шыққан профессор Бекір Қарлығаның «Әл-Фараби – өркениет философы» атты кітабы да аталған форумда ағылшын, түрік, орыс, қазақ тілдерінде басылып форум қатысушыларына тегін таратылатын болды. Сондай-ақ, ҚазҰУ ғалымдары шығарған ұлы ойшылдың бірнеше тілдегі кітаптарынан арнайы көрме ұйымдастыру жоспарланды.

БҰҰ Өркениеттер Альянсының (UNAOC) VII ғаламдық форумын ұйымдастырушы тараптарға Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен БҰҰ Өркениеттер Альянсы Үйлестіру комитетінің атынан форум аясында өркениеттер философы әл-Фарабидің идеяларын халықаралық деңгейде насихаттау мақсатында арнайы секция бағдарламасын ұйымдастыру келісілді. Секция жұмысына қатысу үшін Қазақстаннан ірі делегация жасақталатын болды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті осы ғаламдық форум барысында туғанына 1150 жыл толуына байланысты 2020 жылды ЮНЕСКО және ТҮРКСОЙ деңгейінде "әл-Фараби жылы" деп жариялау туралы ұсыныс талқыланып, бұл ұсыныс та қолдауға ие болды.

Іс-сапар барысында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры, академик Ғ.М.Мұтанов Түркия Премьер-министрінің орынбасары Тұғрұл Түркешпен, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновпен, Түркия Ұлттық Білім министрінің орынбасары Жүсіп Текинмен, Түркі әлемін зерттеу қоғамының төрағасы, Ескішехир губерниясының әкімі Гүнгөр Әзім Тунамен қызметтік кездесулер өткізіп, Ыстамбұл, Айдын, Анадолы, Османғазы, Фатих Сұлтан Мехмет, Бируни секілді алты бірдей университеттің ректорларымен екіжақты ынтымақтастық туралы келісім-шарттарға қол қойды.

Сондай-ақ, түркі дүниесінің ұлы ғұлама философы Әбу Насыр әл-Фараби мұрасын әлемдік кеңістікке кеңінен насихаттау, таныту мақсатында Түркиядағы Өркениеттер Альянсы ғылыми-зерттеу институты жанынан Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Халықаралық әл-Фараби орталығын ашу келісілді.